Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясының 81-сессиясы басталды
Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясының 81-сессиясы аясындағы жоғары деңгейдегі жалпы пікірсайыс басталды. Алғашқы күні-ақ әлемдік мінберден Ирандағы соғыс, Украина мен Таяу Шығыстағы ахуал, жасанды интеллектіні реттеу жайы сөз болды. Бұл жиындағы тағы бір маңызды мәселе — Біріккен Ұлттар Ұйымын реформалау, деп хабарлайды 24KZ.
Қазақстан делегациясы да бірқатар екіжақты кездесу өткізді. Ал жиынның ең айшықты сәттерінің бірі АҚШ президенті Дональд Трамптың мәлімдемелері әрине.
Ердана Ержанұлы, тілші:
— Халықаралық дипломатияның қарбаласында Мұхтар Тілеуберді бастаған қазақстандық делегация Словения, Молдова, Эль-Сальвадор, Польша және Украинаның сыртқы істер министрлерімен кездесті.
Сонымен бірге БҰҰ Бас хатшысы лауазымына кандидат Ребека Гринспанмен, Бас Ассамблея төрағасымен және ЮНЕСКО бас директорымен келіссөздер өтті. Қазақстан мен Орталық Африка Республикасы дипломатиялық қатынас орнату жөніндегі бірлескен коммюникеге қол қойды.
Ердана Ержанұлы, тілші:
— Күннің ең айшықты сәті Дональд Трамптың 37 минуттық сөзі болды. Ол Иран келісімге келмесе, АҚШ оны «жойып жіберуге» қауқарлы екенін мәлімдеп, әлем елдерін Тегеранды экономикалық оқшаулауға шақырды.
Дональд Трамп, АҚШ президенті:
— Менің алдымда үлкен таңдау тұр: Иранға қайта өркендеуге мүмкіндік беретін келісім немесе оны толық әрі тез жойып жіберу. Не болса да, сайлаудан кейін мәмілеге келеміз деп сенемін. Иран кеме қатынасына шабуылын, ядролық бағдарламасы мен террорды қолдауын тоқтатқанша, барлық елді оны толық экономикалық оқшаулауға шақырамын. Біріксек, Иран деген қатерден арылып, мұнай бағасын да төмендете аламыз.
Ердана Ержанұлы, тілші:
— Осы кезде Иран делегациясының басым бөлігі наразылық ретінде залдан шығып кетті. Трамп Кубаны «сәтсіз мемлекет» деп атап, оның билігі құлайды дегенде, Куба өкілдері де залды тастап шықты. Бұған қоса, АҚШ президенті Украинадағы соғыс күткеннен де тез аяқталуы мүмкін екенін тілге тиек етті. Сондай-ақ жасанды интеллектіні енді «суперинтеллект» деп атауды ұсынып, оны халықаралық деңгейде қысып реттеуге қарсы шықты. Жалпы, алғашқы күннің негізгі тақырыптары — АҚШ пен Иран арасындағы соғыс, Украинадағы ахуал, Газадағы жағдай, Ормуз бұғазындағы кеме қатынасы, климат, жасанды интеллект және БҰҰ реформасы болды. Алдағы күндері Қазақстанмен қатар Иран, Украина, Израиль және өзге де мемлекеттер өз ұстанымдарын жариялайды. Негізгі дипломатиялық келіссөздер жабық есік жағдайында жалғасады. Сондықтан Нью-Йорктегі бұл апта тек сөз сайысы емес, нақты мәміле іздейтін маңызды дипломатиялық алаңға айналмақ.