Жолдау-2026: ЖИ бақылау жүйесі заңбұзушылықты жедел әшкерелейді

Биыл Жезқазғанда іздеуде жүрген 15 адам «ақылды» бейнекамераның көмегімен ұсталды. Жасанды интеллектпен жұмыс істейтін бақылау жүйесі полицейлердің қолын ұзартты, деп хабарлайды 24KZ.

Мемлекет басшысы Жолдауында: «Цифрландыру және жасанды интеллекті дамыту – ел болашағы үшін маңызды бағыттың бірі» – деді. Қазір Ұлытау облысында 3 мың 748 «ақылды» камера жұмыс істейді. Цифрлық бағдарлама қоғамдық орында кез келген заңбұзушылықты анықтауға септігін тигізіп келеді.

Жасанды интеллект негізіндегі бейнебақылау құралы түсірген бейнежазба бірден жедел басқару орталығына жолданады. Кезекшіліктегі тәртіп сақшылары осылайша тәулік бойы қаланың тіршілігін бақылап отыр. Егер цифрлық жүйе қандай да бір заңбұзушылықты байқаса, оқиға орнына жақын маңдағы полиция жасағы дереу барады.

Руслан Ділмұхамедов, Ұлытау облысы ПД Жедел басқару орталығы бастығының міндетін атқарушы:

– Жыл басынан бері бейнекамералардың көмегімен 5 мыңнан астам әкімшілік құқықбұзушылық дерегі анықталды. Сондай-ақ 271 қылмыстық іс ізі суымай ашылды.

Қазір Жезқазғанда адамның бет-жүзін тану тетігі бар 42 камера жұмыс істеп тұр. Сандық бақылау жүйесі теміржол және автовокзал, қоғамдық көлік аялдамасы, сауда орталығы секілді қоғамдық орындарға орнатылған.

Серік Әубәкір, Жезқазған қаласының тұрғыны:

– Облыс көлемінде 3800-ге жуық камера бар. Оның 5%-ы жасанды интеллектіге қосылған. Десе де азаматтардың әрекетінің арқасында, осы бейнекамералардың бақылауының арқасында, біраз олқылықтар ұзаққа бармай бірден ашылып жатыр. Абаттандыру мәселесі болсын, қылмыстық әрекетке барған тұрғындардың іс-әрекеттері ашылып жатыр.

Бір атап кетерлігі, жасанды зердеге қосылған бейнекамералар полицияға оқыс жайттың мән-жайын жылдам талдап, болуы ықтимал заңбұзушылықтың алдын алуға да мүмкіндік береді. Осылайша, ел Президентінің биылғы Жолдауында халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне бағыттаған тапсырмасы іс жүзінде орындалып жатыр.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Нұрбол Үздікбаев

Сондай-ақ оқыңыз: