Депутат түнгі жарыстарды шу өлшейтін камералармен бақылауды ұсынды

фото: кадрдан

Құрылтай депутаты Кендебай Адамбек түнде заңсыз жарыс ұйымдастыратын мотоцикл мен тюнингтелген көлік жүргізушілеріне бақылауды күшейтуді ұсынды, деп хабарлайды 24KZ.

Депутаттың айтуынша, тұрғындар түнгі уақытта қоғамдық тәртіптің жүйелі түрде бұзылуына қатысты жиі шағымданады. Қалалардың орталық көшелері мен даңғылдарында жүргізушілер рұқсат етілмеген жарыстар ұйымдастырып, жылдамдықты асырады, пиротехника қолданады және тұрғын үйлер маңында қатты шу шығарады.

Кендебай Адамбек бұл мәселе жол қозғалысы ережесін бұзумен ғана шектелмей, қоғамдық қауіпсіздікке де қатысты екенін атап өтті.

Депутаттың сөзінше, мұндай құқық бұзушылықтар көбіне азаматтардың шағымынан кейін ғана тіркеледі. Ол шетел тәжірибесінде шу деңгейін автоматты түрде анықтайтын акустикалық камералар қолданылатынын айтты.

Шетелде мұндай тәсілдер қолданылады. Мысалы, АҚШ-та автоматты акустикалық камералар пайдаланылады. Кей жағдайда көлікті тәркілеу де қарастырылған. Германия мен Францияда түнгі рейдтер өткізіліп, арнайы жылжымалы зертханалар қолданылады, - деді депутат.

Сонымен қатар депутат түнгі уақытта тыныштықты бұзғаны үшін салынатын 5 АЕК немесе 21 625 теңге көлеміндегі айыппұлдың тиімділігіне қатысты мәселе көтерді.

Осыған байланысты Ішкі істер министрлігіне бірқатар ұсыныс жолданды.

1. Рұқсат етілген шу деңгейінің асып кетуін автоматты түрде анықтау үшін арнайы акустикалық құрылғылар мен шу өлшегіштерді фото және бейнетіркеу жүйесіне біріктіру бойынша пилоттық жобаны іске қосу.

2. Түнгі заңсыз жарыстардың жолын жедел кесу және көліктердің шығару жүйесіне заңсыз өзгерістер енгізілгенін тексеру үшін патрульдік полиция мен учаскелік инспекторлардан тұрақты бірлескен экипаждар құру.

3. Көлікке заңсыз енгізілген техникалық өзгерістер толық жойылғанға дейін құқық бұзушының көлік құралын арнайы тұраққа қою.

4. Түнгі уақытта тыныштықты бұзғаны үшін белгіленген жазаның оның салдарына және азаматтардың қалыпты өмір сүруіне тигізетін әсеріне қаншалықты сай келетінін қайта қарау.

5. Жолдағы құқық бұзушылықтарды ұсақ бұзақылық ретінде саралаудың нақты тәртібін әзірлеу. Бұл ретте қоғамды әдейі және ашық түрде құрметтемеудің нақты белгісін, сондай-ақ дәлелдемелерді жинау тәртібін белгілеу.

Сондай-ақ оқыңыз: