Баспанаға сұраныс азайған жоқ

Құрылыс саласы әлі де экономиканың басты драйвері.

Жарты жылда өсім 15 пайыздан асты. Ендігіде тұрғын үй салуға басымдық беру керек. Өйткені кезек мәселесі шешімін тапқан жоқ. Сарапшылар орташа алғанда, әр қазақстандыққа 30 шаршы метр қажет дейді. Қазір оның үлесі 23-тен аспай тұр. Бір жағынан құрылыс құны көп азаматтың қалтасына салмақ. 

Лев Тетин, жылжымайтын мүлік нарығы бойынша халықаралық сарапшы:

- Құрылыс саласы импортқа тәуелді. Әр шаршы метрдың жартысы сырттан әкелінеді. Демек, валюта бағамы да әсер етеді. Сол себепті біз тұрғын үйдің өзіндік құнын басқара алмаймыз. Жыл сайын сапалы үйлерді пайдалануға беру үшін материал да сапалы болуы керек. Үкімет тиісті шараларды қабылдап жатыр. Бірақ менің ойымша, салаға реформа қажет. Оны ең алдымен кірпіш, бетон, т.б. құрылыс материалдарын шығаратын зауыттар салудан бастау керек.

Қазір құрылыс компанияларының көбі өңірлерге бет бұрып жатыр. Жаңа үйлер облыс орталықтарына көрік бере бастаған. Мегаполистерден бөлек Алматы, Түркістан, Қызылорда, Ақтөбе, Жамбыл облыстарында құрылыс қарқын алды. Бүгінге дейін 11 млн шаршы метр, яғни 106 мың пәтерде қоныс тойы тойланған. Бұл биылғы жоспардың жартысынан көбі. Дегенмен, халықтың қалаға ағылуы сиреген жоқ. Үдере көш тұрғын үй нарығына да әсер етіп жатыр. 

Астана - 2,7 млн ш.м.

Алматы - 1,8 млн ш.м.

Алматы облысы - 0,9 млн ш.м.

Түркістан облысы - 0,7 млн ш.м.

Шымкент - 0,7 млн ш.м.

Лев Тетин, жылжымайтын мүлік нарығы бойынша халықаралық сарапшы:

- Астанаға көшіп келгендердің саны жылдан жылға артып жатыр. 4 жылда мұнда жарты млн адам көшіп келді. Бұл қаланың барлық инфрақұрылымына салмақ. Жылына 120 мың адам деген сөз. 5 жыл бұрын ғана бұл көрсеткіш 40-50 мыңдай болған. Демек, сатып алатын немесе жалға берілетін үйлерге сұраныс әлі де көбейеді. 

Иә, пәтерді жалдау ақысы тамыздан бері шарықтаған. «Қазір студенттер қоныстанып үлгерді. Демек, баға қайтадан түсуі керек» дейді мамандар. Әйтсе де, баспана нарығы биылғы жылды 15 пайыздық өсіммен қорытындылауы мүмкін. Өйткені жаңа жобалар саны былтыр 150-ден асса, қазір 3 есе қысқарған. 

Виктория Тен, «Қазақстан құрылысшылар қауымдастығының» вице-президенті:

- Көптеген инвестор сатылымды бастауды кейінге қалдыруды жөн көреді. Өйткені қазіргі уақытта олар халықтың сатып алу қабілеті мен жобаларды сәтті аяқтау мүмкіндіктеріне сенімсіздік танытып отыр. Қаржылық модель толық айқындалмаған. Нормативтік-құқықтық базаның жекелеген ережелері мен салық саясатына қатысты сұрақтары бар. 

Елде сатылған пәтерлердің 60 пайызы жаңа үйлерден алынады. Азаматтардың көбі шама-шарқына қарай эконом және комфорт санатты таңдайды. Сарапшылар баға қанша құбылса да, баспанаға сұраныс азаймағанын айтады. 

Мерей Мұратханқызы

Сондай-ақ оқыңыз: