ІІМ заңсыз граффитимен күресті күшейтті
"Таза Қазақстан" бағдарламасын іске асыру аясында Ішкі істер министрлігі ғимараттар мен қоғамдық орындарды бүлдіру және граффитиді заңсыз салудың жолын кесу бойынша жұмысты күшейтті, деп хабарлайды «24KZ».
Соңғы екі күнде республика бойынша 524 профилактикалық іс-шара өткізілді. Граффити салудың 2 300-ден астам фактісі анықталды.
Тексеру нәтижелері бойынша "Ғимараттарды, өзге де құрылыстарды, тұрғын үй-жайларды, ортақ пайдаланылатын орындарды, көліктегі мүлікті және өзге де қоғамдық орындардағы мүлікті қорлау" бабы бойынша 9 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды.
Шымкент қаласында есірткі құралдарын, психотроптық заттар мен олардың аналогтарын насихаттау немесе заңсыз жарнамалау фактісі бойынша бір сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
Құқық бұзушылықтарды анықтаумен қатар, полиция халықпен профилактикалық жұмыс жүргізуде. Республика бойынша 1 200-ге жуық ақпараттық брошюра таратылып, азаматтармен 976 түсіндіру әңгімесі өткізілді.
Граффитиді заңсыз салудың жолын кесу бойынша жұмыс жалғасуда және Ішкі істер министрлігінің бақылауында.