Астанада су асты әлеміне арналған фотокөрме ашылды

Астанада су асты әлеміне арналған фотокөрме ашылды. Экспозицияда маржан рифтері, сирек кездесетін балықтар мен Каспий итбалықтарының табиғи ортадағы суреттері ұсынылған. Оған қоса, келушілер виртуалды көзілдірік арқылы теңіз әлемін жақыннан тамашалай алады, деп хабарлайды 24KZ.

Көрмедегі негізгі тақырыптардың бірі — маржан рифтерін қалпына келтіру. Қазір ғалымдар арнайы зертханаларда маржан рифтерін өсіріп, кейін оларды су айдындарына қайта орналастыруды жоспарлап отыр. Каспий теңізі де назардан тыс қалмады.

Мұнда итбалықтарды қорғау, олардың санын сақтау және мекен ету жағдайын бақылау мәселелері қамтылған. Мамандар мұндай жобалар су асты тіршілігін танып, табиғатты қорғаудың маңызын түсінуге мүмкіндік беретінін айтады. Көрме 1 қарашаға дейін жалғасады.

Әсел Баймұқанова, Гидробиология және экология институтының ғылыми қызметкері:

— Біз зерттеп жүрген мәселелерді қоғамға жеткізу өте маңызды. Бұл Қазақстанда ғылымның дамып, отандық ғалымдардың өзекті экологиялық мәселелерді зерттеп жатқанын көрсетеді. Менің зерттеуім Каспий итбалығына бағытталған, бұл зерттеулер сирек кездесетін жануарды қорғап, Каспий теңізінің табиғи тепе-теңдігін сақтауға көмектеседі.

Марал Рахымжанова, көрме ұйымдастырушысы:

— Бұл — елдегі екінші көрмеміз. Жалпы Қазақстанда маржан рифтері жоқ. Табиғаттағы барлық экожүйе өзара байланысты. Рифтер теңіз экожүйесінің маңызды бөлігі, ал олармен симбиозда өмір сүретін балдырлар фотосинтез арқылы оттегі бөледі. Сондықтан мұхиттың жағдайы бүкіл адамзатқа әсер етеді. Осы жобаның жетістіктерін отандастарыммен бөлісуге қуаныштымын.

Сондай-ақ оқыңыз: