Абай облысында 41 ауыл ішімдіктен бас тартқан
Оның ішінде Абай ауданындағы үш ауылдың 1500 тұрғыны бұл бастаманы қолдады.
Тұрғындардың айтуынша, дүкендерде арақ-шарап сатылмағалы қоғамдық ахуал жақсарған. Полиция дерегінше, құқықбұзушылық пен қылмыс азайған.
Дәулет Жарылқапов Медеу ауылында туып-өскен. Туған жерден алыстамай, осында қалып, отбасын құрды. Ол ауыл жастарының бастамасын қолдайды. Айтуынша, елді мекенде «Ішімдіксіз ауыл» жобасы былтырдан бері жүзеге асып жатыр. Бұл кейінгі ұрпақтың болашағы үшін маңызды.
Дәулет Жарылғапов, ауыл тұрғыны:
- Былтырдан бері дүкеніміз бар. Ешқандай ішімдік сатылмайды. Балаларымыз, жастарымызды еңбекке баулып, жақсы мамандықтарын алып, еңбек етсе, ауылымыз да көркейеді.
Медеуде 400-ден астам тұрғын бар. Ішімдіксіз ауыл бастамасын елді мекен жастары көтеріп, ақсақалдар алқасы қолдаған. Қазір осы тәжірибеге халық саны мыңға жуықтайтын Кеңгірбай би ауылы да қосылды.
Жадыра Жұлдызбекқызы, Кеңгірбай би ауылдық округі әкімдігінің бас маманы:
- Екі жылдан бері біздің дүкенімізде ешқандай алкогольді сусындар сатылмайды. Бұл бастаманың әсері тек қана құқыбұзушылық қана емес, сонымен қатар салауатты өмір салтын өскелең ұрпаққа насихаттау мақсатында жүргізіліп отыр.
Абай ауданында үш ауылдық округ алкоголь өнімдерінен бас тартты. Полицияның мәліметінше, бұл бастама құқықбұзушылықтың алдын алуға ықпал етіп отыр. Ресми статистикада қылмыс санының төмендегені байқалады.
Ержан Қаратаев, Абай ауданы Полиция бөлімінің бастығы:
- Профилактикалық жұмыстардың әсерінен қазіргі уақытта ауданда қылмыстың саны едәуір төмендеді. Былтырғы жылы 17 қылмыс тіркелсе, биыл 10 қылмыс тіркелді. Сонымен қатар ол тіркелген қылмыстардың ішінде қоғамдық орындарда, көшелерде бірде – бір қылмыс болған жоқ. Отбасылық тұрмыстық саласында қылмыстық жағдай тіркелген жоқ. Спирттік ішімдіктен бас тарту әрине, ол ауданның қылмыстың санын азайтуға, олардың төмендеуіне үлкен әсерін тигізіп отыр.
«Ішімдіксіз ауыл» жобасы жалғасады. Жалпы өңірде 41 елді мекен алкоголь өнімдерінен бас тартқан. Тағы бес ауылдың тұрғындары осы бастамаға қосылуға ниетті.
Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Мәди Базарбеков