Жаңаарқаға табиғи газ келеді
Ұлытау облысындағы Жаңаарқа кентін газдандыру жобасының алғашқы кезеңі биыл аяқталады. Келесі жылы тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар біртіндеп көгілдір отын желісіне қосылады.
Үш жылға жоспарланған жобаның жалпы құны - 12 млрд теңге. Толық іске асқанда төрт жарым мың үй түгел табиғи газбен қамтылады.
17 мың тұрғыны бар Жаңаарқа кентін газдандыру жобасы үш кезеңнен тұрады. Алғашқысы биыл жыл соңына дейін аяқталуы тиіс. Елді мекеннің іргесінде автоматтандырылған газ тарату станциясы салынды. Енді жалпы ұзындығы 188 шақырым болатын ауылішілік құбыр тартылады
Серік Қуандықов, мердігер компания өкілі:
- Газ таратқыш станция құрылысы аяқталды. Осы жерден газ реттейтін бекеттерге дейін диаметрі 300 мм-лік 1 шақырым құбыр тартылды. Ал одан әрі елді мекеннің ішіндегі орта және төменгі қысымды құбырларды жүргіземіз.
Үш жылға жоспарланған жобаның жалпы құны - 12 млрд теңге. Алғашқы кезеңді жүзеге асыруға республика бюджетінен 1 млрд теңге бөлінді. Жауапты мамандардың айтуынша, келесы жылы 110 абонент көгілдір отынға қосылады. Ал жоба толық аяқталғанда аудан орталығындағы 4500 үй табиғи газбен қамтамасыз етіледі.
Шахизада Әбілдин, кент тұрғыны:
- Газ тұрғындарға, әсіресе біз секілді ақсақалдарға өте тиімді болады. Өйткені газдың ақшасын төлеген соң, өз еркіңе қарай реттегішпен қандай температура керек, өзің жылытып, реттеп отырасың. Сондықтан газ келеді дегенде қатты қуандық.
Табиғи газға тұрғын үйлерден бөлек, өнеркәсіп пен коммуналдық нысандар қосылады. Бұл энергетикалық теңгерімді реттеп, экологиялық жағдайды айтарлықтай жақсартты.
Мұрат Ибраев, аудан әкімінің орынбасары:
- Алдағы уақыттағы жоспар Жаңаарқа кентіне жақын Байдалы би, Жұмажанов атындағы ауылдық округ, сонымен қоса Талдыбұлақ ауылдық округтеріне жобалық құжаттар әзірленуде. Алдағы уақытта бұл жұмыстар жалғасын табатын болады.
Жалпы өңірді газдандыру жобасы 2019 жылы басталды. Қазір Жезқазған мен оған қарасты бірнеше ауылда 2 мыңнан астам абонент көгілдір отынның игілігін көріп отыр. Өңірлік бағдарламаға сәйкес 2030 жылға дейін облыстағы халық тығыз орналасқан 9 елді мекен табиғи газға қосылады.
Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрлан Исмаилов