Қарағанды облысында 74 елді мекен арақтан бас тартты

Қарағанды облысында арақтан түбегейлі бас тартқан ауылдар көбейіп келеді. Қазір 74 елді мекенде ащы су сатылмайды. Той-томалақ та арақ-шарапсыз өтеді. «Қылмыс та күрт азайған», — дейді полицейлер, деп хабарлайды 24KZ.


Талды ауылының тұрғындары алкогольден бас тарту туралы шешімді бірлесе қабылдаған. Бұл бастаманы ауыл ақсақалдары мен белсенді жастар қолдаған. Мұхамедқали Сәдуақасов бірнеше ай бұрын мұнда учаскелік полиция инспекторы болып қызметке орналасты. Оның айтуынша, тұрмыстық қылмыстардың көбі масаң күйде жасалады.

Мұхамедқали Сәдуақасов, учаскелік полиция инспекторы:

— Өзім жауынгерлік самбодан спорт шеберімін. Сол спортымды ары қарай жалғастырып, арманым болған спортта шәкірт дайындау. Сол арманымды ауыл әкімімен ақылдаса отырып, ауыл тұрғындарының да көмектері болып, бірге жасалған шаруа.

Талдыда шамамен 530 адам тұрады. Жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасау мақсатында ауылдағы бос тұрған ғимараттардың бірі жөнделіп, жаттығу залы ашылды. Мұхамедқали осында балаларды жаттықтырып, салауатты өмір салтына баулып жүр.

Мирасхан Түсіп, Талды ауылының тұрғыны:

— Сабақтан тыс уақытында келіп, кешке жақын дайындалып, тер шағармыз, шұғылданамыз. Өзім күреспен төрт жыл айналыстым.

Қарағанды облысында арақ-шарапқа тыйым салу үш жыл бұрын мықтап қолға алынды. Бастапқыда Ақтоғай, Қарқаралы және Осакаров аудандарының тұрғындары қолдап, кейін біртіндеп өзге ауылдар да қосыла бастады.

Жеңісхан Түкішев, ПД қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы:

— Бұның негізгі мақсаты – қоғамдық қауіпсіздіктің, қылмыстардың алдын алу, мас күйде қылмыстарды жібермеу. Бұл жұмысты енді ары қарай ауыл тұрғындарымен, ақсақалдарымен, жергілікті атқарушылармен, жастармен бірге атқарамыз. Ішімдіксіз ауылды көркейтіп, ары қарай өсіруге атсалысамыз.

Қазір өңірде «Ішімдіксіз ауыл» жобасын қолдаған елді мекендер саны 74-ке жетті. Ал ел бойынша 560 елді мекеннің тұрғындары ішімдік атаулыға жоламайды. Бұл ретте Түркістан, Қарағанды және Атырау облыстары көш бастап тұр.

Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайлау Игіліков, Аман Хамит

Сондай-ақ оқыңыз: