Ақтөбедегі Нырковтар отбасы қазақ тілі мен ұлттық өнерді дәріптеп жүр

Ақтөбедегі Нырковтар отбасы қазақ тілі мен ұлттық өнерді дәріптеп, көпшілікке үлгі болып жүр.

Роман Нырковтың шаңырағында мемлекеттік тілді меңгеруге ерекше мән беріледі. Отағасы балаларымен бірге қазақ тілін үйреніп қана қоймай, ұлттық өнерге ден қойған. Отбасының балалары домбыра мен қобызда ойнайды. Өнердегі жетістіктері мен шығармашылық ізденістерін әлеуметтік желі арқылы көпшілікке ұсынып келеді.

Нырковтар отбасындағы Максим небәрі үш жаста. Алты баланың әрқайсысы қазақ тілін меңгеруге талпынып жүр. Бұл іске отбасының әкесі де белсене кіріскен. Марина Ныркова Ақтөбе облысының Әйтеке би ауданындағы Темірбек Жүргенов атындағы ауылда туып өскен. Қазақ тілін бала кезінен біледі. Енді ол жұбайы мен балаларына мемлекеттік тілді үйретіп жүр.

Марина Ныркова, Ақтөбе қаласының тұрғыны:

- Мен өзім қазақпын ғой. Қазақстанда тұрамын. Мен переводчик болдым ғой бірінші рет. Жұмыста адамдар звондаса «переведи» дейді маған. Сосын курсқа барғам балалармен қызыммен.

Алдымен Роман Нырков балаларын офлайн курстарға берген. Кейін отбасы түгелдей онлайн сабақтарға көшкен. Әке үшін бұл уақытты тиімді пайдалануға мүмкіндік. Өйткені балалардың мектептегі сабағынан бөлек музыкалық мектебі мен түрлі үйірмелері бар. Әлеуметтік желідегі жазылушылардың қолдауы да жас тіл үйренушілерге жігер береді.

Роман Нырков, Ақтөбе қаласының тұрғыны:

- Қазір осы курстарды өтіп жатырмыз. Мен сабаққа күндіз қатысамын, ал балалар кешкі уақытта оқиды. Онлайн форматта өтеді, экранға жазба жасалады, бізбен сөйлесіп, тіл үйретеді. Балалар біртіндеп меңгеріп келеді.

Нырковтар отбасының балалары тек тіл үйренумен шектелмейді. Төртеуі музыкалық мектепте білім алады. Қыздары қобызда ойнаса, ұлдары домбыраны серік еткен. Сонымен қатар балалар бокс және қазақ күресі секцияларына қатысады.

Ольга Ныркова, мектеп оқушысы:

- Мен 14-темін. Мен үш жыл қобыз тартамын. Қазір 8-сыныпта оқимын. Маған папам үйретті. 

Роман Нырковтың айтуынша, мемлекеттік тілді меңгеру жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Автослесарь болып еңбек ететін ол, қазақ тілін жұмыс барысында да жиі қолданады. Сондықтан әке балаларының қазақ тілінде еркін сөйлегенін қалайды.

Рүстем Қайратұлы, Наталья Салкова, Болат Молдағалиев

Сондай-ақ оқыңыз: