Қазақстанда Starlink Mobile спутниктік байланысы іске қосылды

Фото: gov.kz

Елде Starlink Mobile (Direct to Cell) спутниктік мобильді байланысы іске қосылды. Технология жерүсті мобильді байланыс қамту аймағынан тыс жерде үйлесімді смартфон арқылы байланыс қызметтерінің жекелеген түрлерін пайдалануға мүмкіндік береді, деп хабарлайды «24KZ».

Жоба ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің қолдауымен Beeline Қазақстан мен Starlink Mobile компанияларының бірлескен жұмысы арқылы іске қосылды.

Технология арнайы спутниктік телефонды, сыртқы антеннаны немесе қосымша жабдықты қажет етпейді. Үйлесімді смартфон Starlink Mobile (Direct to Cell) спутниктеріне тікелей қосыла алады.

Пайдаланушыларға жерүсті мобильді желісі жоқ аймақтарда хабарламалар жіберу және қабылдау, сондай-ақ базалық интернет-сервистерді пайдалану мүмкіндігі беріледі. Beeline Қазақстан клиенттері үшін промо-кезеңде қызмет тегін ұсынылады.

Жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылы АҚШ-қа жасаған ресми сапары барысында қол жеткізілген уағдаластықтардың нәтижесінде жүзеге асырылып отыр. Сол жылдың қарашасында министрлік пен Beeline Қазақстан Direct to Cell технологиясын енгізу бойынша ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған. Ал желтоқсанда алғашқы практикалық сынақтар өткізілген.

«Қазақстан Орталық Азияда Direct to Cell технологиясы практикалық сынақтан өткізіліп, енді пайдаланушыларға арналған қызмет ретінде іске қосылған алғашқы ел болды. Біз үшін озық технологиялардың халықаралық келісімдердің бір бөлігі болып қана қоймай, Қазақстанда нақты қолданысқа еніп, адамдарға пайда әкеле бастағаны маңызды», – деді ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мадиев.

Министрдің айтуынша, жаңа технология шалғай аудандарда байланысқа қолжетімділікті арттырады.

Спутниктік байланыс жерүсті мобильді инфрақұрылымын толықтырады. Ол шалғай аудандарда, қала сыртындағы трассаларда және таулы жерлерде байланыс мүмкіндігін кеңейтуге бағытталған.

Қосылу жерүсті байланысы болмаған жағдайда және спутникпен байланыс орнатуға қажетті жағдайлар болған кезде мүмкін болады.

Технология туристерге, шалғай елді мекендердің тұрғындарына, жол және коммуналдық қызметтердің қызметкерлеріне, сондай-ақ елді мекендерден тыс жерде жұмыс істейтін мамандарға пайдалы болуы мүмкін.

Қызметті қалай пайдалануға болады?

Қазіргі кезеңде қызметке Android операциялық жүйесінде жұмыс істейтін үйлесімді құрылғылар арқылы қосылуға болады. Алдағы уақытта басқа операциялық жүйелерді қолдауды кеңейту жоспарланып отыр.

Қызметті пайдалану үшін:

Janymda қосымшасын соңғы нұсқасына дейін жаңарту;

қосымшада Starlink қызметін іске қосу;

телефон баптауларынан деректер роумингін қосу қажет.

Жерүсті байланысы болмаған жағдайда спутниктік желіні қолмен таңдауға болады: Beeline Starlink. Кей жағдайда ол 401 04 ретінде көрсетілуі мүмкін.

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз