Торғай өңірінде туризм түлеп келеді

Қостанай облысының Аманкелді ауданына жыл басынан бері үш мыңнан астам турист келген. Шалғай орналасқанына қарамастан, Торғай өңірінің табиғаты мен тарихи-мәдени мұрасы саяхатшылардың қызығушылығын арттырып отыр. Мұнда адамзат өркениетінің көне іздерін сақтаған Торғай геоглифтері, сайын даладағы ерекше табиғи ландшафттар мен туристерге арналған жаңа нысандар бар, деп хабарлайды 24KZ.

Әсіресе құм төбешіктері алыстан көзге түседі. Табиғаты Сахараны еске түсіретін бұл мекен саяхатшылар үшін ерекше әсер сыйлайтын орынға айналған. Шалғай ауылдардың әлеуетін танытып, тарихи орындарды көпшілікке насихаттау – өңірдегі туризмді дамытудың маңызды тетігі.

Бұл – Аманкелді ауылына кіре берістегі «Торғай тәжі» туристік кешені. Мұнда Эйфель мұнарасы, Сақ моншасы, Тадж-Махал кесенесі сияқты әлемнің 14 сәулет жәдігері топтастырылған. Меценат Сапар Ысқақовтың қаржысына салынып жатқан кешен құрылысы келер жылы толық аяқталуы тиіс. Қазірдің өзінде демалыс аймағы Торғай өңірінің көрікті орындарының біріне айналды.

Еркін Мұзафарұлы, Астана қаласының тұрғыны:

- Саябақ, әрине, ұнады. Келген адамдарға осындай кешеннің болғаны жақсы. Бұл енді бір жағынан адамдар келген сайын өңір одан сайын дамиды деп ойлаймыз. Басқа жерлерде осындай болса, өте тамаша.

Таяуда туристік кешенде сазды субұрқақ іске қосылды. Оның ашылу рәсіміне жан-жақтан қонақтар келді. Осы салтанатқа Қазақстандағы Индонезия елшісі де қатысты. Ол сол елде қазақ батырлары жерленген зират басынан әкелінген топырақ салынған капсуланы жады тақтасына орнатты. «Әлемдік рекордтар кітабына еңгізілген бұл тарихи ескерткіштің танымдық-тағылымдық маңызы зор», – дейді мамандар.

Қуандық Құдайбергенов, Дүниежүзілік рекордтар кітабының бас тіркеу офицері:

- Бұл пантеонның ерекшелігі – 2 жарым мың жылдың ішінде қаншама тарихи тұлғалар болды. Солардың мәйіттерінен, зираттарынан алынған топырақ. Сондықтан мұндай кешен негізінде әлем деңгейінде жоқ. Сондықтан бұл Қостанай, Торғай даласында болып тұрғаннан кейін, бұл ерекше оқиға. Негізі тарихта қайталанбаған ерекше мемориалдық ескерткіш.

Зерттеуші ғалымдарды Аманкелді ауданындағы Торғай геоглифтері қатты қызықтырады. Мұхит толқындарына ұқсайтын құм төбелері де ерекше тартымды. Мамандардың пікірінше, мемлекет басшысының тапсырмасымен іске асып жатқан Орталық-Батыс тас жолы салынса, Торғай аймағының туризм әлеуеті кемі 2-3 есеге артады.

Қайрат Дүйсенбаев, Аманкелді аудандық туризм бөлімінің әдіскері:

- Биыл 2 мыңнан 3 жарым мыңнан арасында туристерді қабылдадық, енді оның ішінде көбісі оқушылар болды. Келесі жыл мақсатпен келетін болса, онда көбейеді деген сенімдеміз. Барлығы жолды күтіп отырмыз. Енді әуежайымыз ашылды. Олда бір үлкен импулс болады деген сенімдеміз.

Қазір Қостанай облысында халықаралық мейманхана желісі салынып жатыр. Бұл да өңірде туризмнің дамуына серпін берері анық.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг

Сондай-ақ оқыңыз: