Дүниежүзілік допингке қарсы агенттік желтоқсанда Астанада кездесу өткізеді
Желтоқсанда Дүниежүзілік допингке қарсы агенттік Астанада кездесу өткізеді. Бұл туралы агенттік президенті Витольд Банька таза спорт бағытындағы көшбасшылық және дипломатия оқу бағдарламасының ашылуында мәлімдеді. Елордадағы Қазақ Ұлттық спорт университетінде осы тақырыпта біліктілікті арттыру курстары өтіп жатыр, деп хабарлайды 24KZ.
Спорт саласындағы мамандарды оқыту бағдарламасына әлемдік сарапшылар шақырылған. Олар спорттық менеджмент бойынша дәрістер оқып, тәжірибемен бөліседі. 3 күн бойы таза спорт саласындағы басқару, институционалдық реформалар жүйесі, қаржыландыру және стратегиялық жоспарлау тақырыптарында панельдік сессиялар өтеді.
Сарапшылардың сөзінше, таза спорт баяғыда-ақ допингке қарсы бағдарлама шеңберінен шығып кеткен. Бұл — басқару мәдениеті мен көшбасшылықтың, яғни институттардың өздеріне артылған сенімді ақтау қабілетінің мәселесіне айналды.
Витольд Банька, Дүниежүзілік допингке қарсы агенттіктің (WADA) президенті:
- Бұл — жаһандық спорттық көшбасшылық пен спорт дипломатиясы бағдарламасы бойынша пилоттық жоба. Мұнда саладағы көшбасшыларымен бірге спортты басқару, дағдарысқа әрекет ету, медиамен және спортшылармен байланыс орнату мәселелерін талдаймыз. Бағдарламаны мини-МВА деуге болады. Жалпы қазақстандық әріптестермен қарым-қатынасымыз өте жақсы. Оның дәлелі — желтоқсан айында Дүниежүзілік допингке қарсы агенттік (WADA) Астанада маңызды жиын өткізеді. Келесі жылы мұнда 7 әлем чемпионаты болады. Сондықтан халықаралық ұйымдардың өз іс-шараларын Астанада өткізуі — заңдылық.
Тұрсынзада Қуанғалиева, Қазақ Ұлттық спорт университетінің ректоры:
- Қазіргі уақытта еліміздің барлық аймақтарынан спорт басқармасының басшылары, спорттық ұйымдардың топ-менеджерлері келіп, 100-ден астам білім алушы қатысып жатыр. Бұл курс осыдан жарты жылға созылады. Екінші этапы декабрь айының басында болады. Содан кейін біз спорттық дипломатия, көшбасшылық және спорттық менеджмент модулі бойынша mini MBA беретін боламыз.