«Сәлемдемеңіз келді»: алаяқтар жаңа айлаға көшті

фото: ЖИ

Қазақстанда телефон арқылы алаяқтық жасайтындар жаңа тәсілге көшті. Қаскөйлер енді өзін курьер немесе пошта қызметінің өкілі ретінде таныстырып, азаматтардан SMS арқылы келген кодты сұрайды, деп хабарлайды 24KZ Ұлттық банкке сілтеме жасап.

Ұлттық банктің мәліметінше, алаяқтар алдымен азаматқа сәлемдеме келгенін айтып қоңырау шалады. Жеткізуді растау үшін SMS-хабарламадағы кодты айтуды сұрайды. Бұл ретте адамды әдейі асықтырып, хабарламаның мазмұнын толық оқуға мүмкіндік бермейді.

Кодты алғаннан кейін алаяқтар әңгімені басқа адамға жалғауы мүмкін. Ол өзін eGov өкілі ретінде таныстырып, азаматтың есептік жазбасы бұзылғанын және жеке деректерінің ұрлануы мүмкін екенін айтады. Кей жағдайда «Стоп-кредит» қызметі қосылғанын немесе жағдайды құқық қорғау органдары мен Ұлттық банктің қауіпсіздік қызметі бақылауына алғанын айтып, сенімге кіруге тырысады.

Алаяқтар психологиялық қысым көрсету үшін телефонды өшірмеуді және болған жағдайды ешкімге айтпауды талап етеді. Тіпті ақпаратты жариялаған жағдайда қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын айтып қорқытуы мүмкін. Мұндағы мақсат – азаматтың жақындарынан, банктен немесе құқық қорғау органдарынан көмек сұрауына жол бермеу.

SMS-хабарламаны мұқият оқып, жіберушіні тексеріңіз. SMS-кодты ешкімге айтпаңыз. Күмәнді қоңырау түскен жағдайда әңгімені бірден тоқтатып, ұйымның ресми нөміріне өзіңіз хабарласыңыз, - делінген хабарламада.

Ұлттық банк қызметкерлері аудио және бейнеқоңырау шалмайтынын, жеке тұлғалардың шоттарына қызмет көрсетпейтінін және банк картасының құпия деректері мен парольдерін сұрамайтынын ескертті. Сондай-ақ ведомство ақша аударымдарын қабылдамайды және инвестиция жасауға қатысты жеке ұсыныстар бермейді.

Егер алаяқтық әрекетке тап болсаңыз, құқық қорғау органдарына жүгіну қажет.

Қосымша кеңес алу үшін 1477 қысқа нөмірі арқылы Ұлттық Банктің Байланыс орталығына хабарласуға болады.

Сондай-ақ оқыңыз: