Астанада зейнеткерді 18 млн теңгеге алдаған шетел азаматы ұсталды
Астанада зейнеткерді алдап, 18 млн теңгеден астам ақшасын иемденді дегене күдікпен 42 жастағы шетел азаматы ұсталды, деп хабарлайды 24KZ.
Полицияның мәліметінше, алдымен зейнеткерге өзін «Қазақтелеком» қызметкері ретінде таныстырған ер адам қоңырау шалған. Ол тарифке жеңілдік рәсімдеу сылтауымен әйелдің жеке деректерін алған.
Кейін алаяқтар өздерін Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Ұлттық банк қызметкерлері ретінде таныстырып, зейнеткердің атына несие рәсімделіп жатқанын айтқан. Олар әйелді ақшасын «қауіпсіз шотқа» аударуға көндірген.
Алаяқтардың нұсқауы бойынша жәбірленуші алтын бұйымдарын ломбардқа өткізіп, банк бөлімшесіне барып, қаскөйлер көрсеткен телефон нөмірлері арқылы шетелдегі банк шоттарына 4 668 АҚШ долларын, яғни 3 млн теңгеден астам қаражат аударған, – делінген полиция хабарламасында.
Тергеу барысында жәбірленушінің алаяқтық схемаға тартылғаны анықталған. Белгісіз адамдардың нұсқауымен ол басқа қалаға барып, сол жерде тағы бір зейнеткерден шамамен 15 млн теңге алып, ақшаны алаяқтарға берген.
Жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде қылмыстық схемаға қатысы бар 42 жастағы шетелдік ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Қазір тергеу амалдары жалғасып жатыр. Полиция қылмыстық схемаға қатысы бар өзге адамдарды, ақша қозғалысын және осыған ұқсас басқа да фактілерді анықтап жатыр.
Полиция азаматтарды қырағы болуға шақырды. Құқық қорғау органдары немесе банк қызметкерлері ретінде қоңырау шалатын адамдардың нұсқауымен ақша аудармау және бағалы заттарды ломбардқа тапсырмау қажеттігін ескертті.