Астанада Қазақстанның атом саласының ардагерлері мен мамандарына құрмет көрсетілді
Елордада Қазақстанның Атом саласы қызметкерлері күніне арналған салтанатты іс-шара өтті.
Оған сала ардагерлері, ғалымдар, инженерлер, бейінді ұйымдардың басшылары мен кәсіби қоғамдастық өкілдері қатысты.
Биылғы кәсіби мереке еліміздің атом энергетикасының дамуындағы жаңа кезеңмен тұспа-тұс келіп отыр. Қазақстан ірі жобаларды практикалық іске асыру кезеңіне көшуде. Заманауи Қазақстан тарихындағы алғашқы атом электр станциясын салу жөніндегі келісім-шартқа қол қойылып, құрылыс жұмыстарын 2027 жылы бастау жоспарланған.
Сала қызметкерлері мен ардагерлерді құттықтаған Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев атом энергетикасы еліміз үшін технология, ғылым, өнеркәсіп және кадр даярлау салаларында жаңа мүмкіндіктер ашатынын атап өтті.
«Атом энергетикасы — бір ғана энергетикалық нысан салудан әлдеқайда ауқымды ұғым. Бұл жаңа құзыреттер мен технологияларды дамыту, отандық өндіріс пен ғылымды ілгерілету, жоғары білікті мамандар даярлау және заманауи инженерлік мектеп қалыптастыру», - деді Алмасадам Сәтқалиев.
Айтуынша, жаңа міндеттерді шешуде адамдардың білімі, тәжірибесі мен кәсіби жауапкершілігі шешуші роль атқарады. Бұл ретте ұрпақтар сабақтастығы мен ардагерлердің жинақтаған тәжірибесін жас мамандарға жеткізуге ерекше мән беріледі.
Атом өнеркәсібін дамыту еліміз үшін стратегиялық маңызға ие. Бұл бағыт энергетикалық қауіпсіздікті нығайтуға, жоғары технологиялық өндірістерді, ғылым мен инженерлік құзыреттерді дамытуға ықпал етеді. Атом саласы электр энергиясын өндірумен ғана шектелмейді. Ол уран өнеркәсібін, ядролық медицинаны, ғылыми зерттеулерді және білікті кадрлар даярлауды да қамтиды.
Осыған байланысты отандық білім беру және ғылыми базаны дамыту ерекше маңызға ие. Бүгінде Қазақстанда атом саласына мамандарды 12 отандық жоғары оқу орны «МИФИ» Ұлттық ядролық зерттеу университетінің филиалымен бірлесіп даярлайды. 2000 жылдан бері Қазақстанның жоғары оқу орындарында ядролық және атом энергетикасы саласы бойынша 4,5 мыңнан астам маман даярланды.
Іс-шара аясында марапаттау рәсімі өтті. Атом саласына қосқан елеулі үлесі үшін бірқатар маман Қазақстан Республикасының «Атом саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды.
Марапатталғандардың қатарында Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегіагенттігінің, Ұлттық ядролық орталықтың, Ядролық физика институтының, «Қазақстанның атом электр станциялары» ЖШС, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ және басқа да ұйымдардың өкілдері бар. Олардың атом саласындағы еңбек өтілі 4 жылдан 47 жылға дейінгі аралықты құрайды.
Марапатталғандардың қатарында «Қазводоканалпроект» компаниясының инженерлік ізденістер бөлімінің бастығы Эриксон Цой, Ұлттық ядролық орталықтың «Атом энергиясы институты» филиалының нейтрондық физика зертханасының бастығы Ирина Прозорова, «Семізбай-U» компаниясының Иіркөл филиалының директоры Мұқанбетжан Салқынбаев, «Ұлттық ядролық орталық» Геофизикалық зерттеулер институтының Арнайы сейсмикалық ақпаратты жинау және өңдеу орталығының талдау және ғылыми зерттеулер тобының басшысы Ирина Аристова және Ядролық физика институтының бас маманы Заря Бөкенова бар.
Атом саласына қосқан үлесі және қоғамдық диалогты дамытуға атсалысқаны үшін Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен Агенттіктің Қоғамдық кеңесінің төрағасы Сәлімбай Шүнеев және кеңес мүшелері Евгений Больгерт, Қасым Жұмаділов пен Дәурен Әбен марапатталды.
Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттігі