Түркістанда қазақ тіліне арналған халықаралық симпозиум өтті
Түркістанда «Қазақ тілі – ғылым тілі» атты үшінші халықаралық симпозиум өтті.
Жиында отандық және шетелдік ғалымдар мен ғылыми-зерттеу институттарының зерттеушілері қазақ тілін жасанды интеллект пен цифрлық технология тіліне айналдыру, ғылымға бейімдеу, қазақ тілді ғылыми контентті арттыру және ұлттық ғылыми терминологияны жүйелеуге қатысты ұсыныстарын ортаға салды. Ғалымдар жасанды интеллект дәуіріндегі қазақ тілінің даму бағыты мен ғылыми коммуникация және тілдік технологиялардың өзара ықпалын жан-жақты талдап, көпшілікке түсіндірді. Сондай-ақ қазақ тілді цифрлық ресурстарды жетілдіру мен ұлттық тіл моделін қалыптастыру мәселелерін талқылады. Мемлекет басшысының қазақ тілін күнделікті тұрмыстық қарым-қатынас деңгейінен іргелі ғылым мен білімнің, цифрлық технологиялар мен бизнестің өміршең тіліне айналдыру туралы бастамасына ерекше назар аударылды, деп хабарлайды 24KZ.
Мақпал Жұмабай, «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының басшысы:
- Қазіргі кезде Қазақстанда 150 млрд токеннен астам сөз қолданыс бар қазақ тілінде. Оның 10 миллиарды табиғи сөз қоры, яғни сіз бен біздің тілімізде сөйлейтін, ал 90 пайызы синтетикалық тіл болып отыр. Осы жерде үлкен университеттердің, ғылыми мекемелердің бұл қорды қалыптастыруда орны айрықша болмақ. Қазақ тілінің цифрлық кеңістіктегі келесі бір сапалық деңгейге өсуіне ұлт болып еңбек етеміз деп ойлаймын.
М.Мырзахметұлы атындағы дәрісхана ашылды
Симпозиум аясында Қожа Ахмет Яссауи атындағы қазақ-түрік университеті филология факультетінің ғимаратында белгілі абайтанушы ғалым, профессор Мекемтас Мырзахметұлы атындағы дәрісхана ашылды. Бұл жай ғана оқу бөлмесі емес, Мекемтас Мырзахметұлының еңбектері, қолжазбалары және ғалымның өзі негізін салған ғылыми мектептің құндылықтары насихаталатын рухани орталыққа айналады.