Абай облысында отын қоры жасақталып жатыр
Абай облысының тұрғындары қыс маусымын алаңсыз өткізу үшін өңірге 1 миллион тоннадан астам көмір қажет.
Қазір қатты отын қоры алдын ала жасақталып жатыр. Өңірдегі теміржол тұйықтарына көмір тиеген вагондар күн сайын келеді. Қысқы отын Қаражыра, Майкөбен және Шұбаркөл кен орындарынан тасымалданады. Биыл көмірді жеткізу мерзімі де қысқарды. Вагондар станцияларға бір тәулік ішінде жетеді. Қазір алғашқы көмір сатылымға шығарылды. Бүгінде өңір тұрғындары үшін 12 мың тонна көмір қолжетімді.
Нұрғасар Жиенбаев, Энергетика және энергия үнемдеу бөлімі басшысының міндетін атқарушы:
- Атап айтсақ, 595 мың тоннасы орталық жылу қазандықтары үшін. Нормативтік қор толығымен қалыптасқан. Бүгінгі таңда нормативтік қор 25 мың тоннаны құраса, 40 мың тонна көмір жеткізілді. Бұл 160%-ды құрайды. Халыққа 567 мың тонна көмір қажет, оның жеткізілгені 100 мың тоннаны құрайды. Және де қажеттілікке сәйкес күнделікті Қаражыра, Шубарколь және Майкүбе тарапынан көмір жіберіліп отыр.
Александр Ульяшев, көмір сату пунктінің кассирі:
- Жеткізумен бірге көмірдің бағасы 20 мың 500 теңге. Сатып алушы өзі алып кетсе, 18 мың теңге болады. Көмір тұрақты түрде бар. Сапасы да жақсарып келеді. Тұрғындардың көңілінен шығып жатыр. Қазір кезек жоқ, алыпсатарлық та байқалмайды. Асықпай сатып алуға болады.