Шетелдік азаматтарды заңсыз тіркеген: Астанада жатақхана коменданты сотталды
Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының шешімімен университет жатақханасының коменданты екі жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды «24KZ».
Сот мәліметінше, ол бес жыл бойы студенттер мен қызметкерлерден университет басшылығының тапсырмасы екенін айтып, ай сайын 14 300 теңгеден заңсыз ақша жинаған. Осылайша 3 млн теңгеден астам залал келтірілген.
Сонымен қатар, сотталушы жалған құжаттар пайдаланып, 2024–2025 жылдары жатақханада 57 шетелдік азаматты уақытша тіркеген. Әр адамнан 40 мың теңгеден алған.
Сот оған екі жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындап, үш жылға ұйымдық-өкімдік және әкімшілік-шаруашылық қызмет атқару құқығынан айырды.
Сотталушының кәмелетке толмаған баласының болуы және бұрын сотталмағаны жеңілдететін мән-жай ретінде ескерілді. Келтірілген залалды өтеу туралы азаматтық талап қанағаттандырылды.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз