Кітап оқитын ұлт: XXI ғасырдағы Көкше әдебиеті
Ақмола облысында «Кітап оқитын ұлт» республикалық марафонына 35 мың адам тіркелді, деп хабарлайды 24KZ.
Оқырмандардың ең үлкені зейнет жасында болса, кішісі алтыншы сынып оқушысы. Бұл туралы облыс орталығында өткен «Кітап оқитын ұлт: XXI ғасырдағы Көкше әдебиеті» атты шарада айтылды. Келелі кездесу барысында жергілікті қаламгерлер Көкше әдебиетінің даму бағыттарын айқындап, жас жазушылардың шығармашылығы және оқырмандар арасында кітап оқу мәдениетін қалыптастыру жөнінде пікір алмасып, ойларын ортаға салды.
Әдеби шара еркін форматта ұйымдастырылды. Яғни шараға қатысқан жастар жергілікті қаламгерлерге сұрақтарын қойып, жауап алды. Кездесу барысында Ақмола өңірінің әдеби картасы да таныстырылды. Жалпы республикалық деңгейде ұйымдастырылып жатқан «Кітап оқитын ұлт» марафонына мәдениет саласының мамандары да ерекше атсалысып жатыр.
Нұрғиса Дәуешов, облыстық Мәдениет басқармасының басшысы:
- Бүгінгі шараның негізгі мақсаты осы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Ақмола облысының әкімі Марат Мұратұлының арнайы тапсырмасымен жұмыс жоспарымыз бекітілді. Өңіріміздегі 329 кітапхана осы шараға белсене атсалысуда. Қуантарлық жағдай бұл жерде тек қана кітапханашылар және мәдениет өкілдері ғана емес, бұл жерде бұқара халықтың да белсене атсалысып жатқаны бізді қуантады.
Ұйымдастырушылар осындай шаралар арқылы жергілікті ақын жазушылардың шығармашылығын насихаттап, жастардың кітапқа деген қызығушылығын арттыруды көздейді. Жалпы соңғы жылдары өңірде кітап оқитын азаматтар саны көбейген. «Оның дені жас буын», - дейді мамандар. Қазір осы оқырманның барлығы «Кітап оқитын ұлт» жобасына қатысып, қажетті кітаптарын таңдап алған.
Жанар Жүсіпова, «Кітап оқитын ұлт» өңірлік жобалық кеңсесінің басшысы:
- Ақмола өңірі бойынша республикалық марафонға қатысам деуші оқырмандарымыз өздерінің істерін бастап, кітап оқуды бастады. Кітап оқу бізде жеті бағыт бойынша жүзеге асады. Әр бағыт бойынша мынау 330 кітаптың ішінде өздерінің іріктелініп алынған 15 кітабы бар.
Бүгінде Мағжан Жұмабаев атындағы облыстық кітапханада 300 мыңға жуық кітап пен басылым бар. Кітап қоры оқырманның талғамына сай бейімделген. Тіпті үш жарым мыңға жуық кітап пен газет сандық форматқа көшірілген.
Авторлары: Абзал Азаматұлы, Евгений Шинкаренко