Ақмола облысында қайтарылған қаржыға 24 ауылда су тартылды
Биыл Ақмола облысында қайтарылған активтер есебінен 24 елді мекен орталықтандырылған су жүйесіне қосылды. 10 мыңға жуық тұрғын тіршілік нәрімен қамтылды, деп хабарлайды 24KZ.
Жалпы арнайы қордан бөлінген қаржыға 29 сумен жабдықтау жобасы жүзеге асып жатыр. Қазір соның 21-і аяқталды.
Абзал Азаматұлы, тілші:
– Сандықтау ауданына қарасты мына біз тұрған Красная Поляна, көршілес Арбузинка, Петриковка осы су тазарту станциясының салынуын көп күтті. Себебі үш ауылда мүлдем орталықтандырылған су жүйесі болмаған. Қазір нысан іске қосылды. Мұнда тәулігіне шамамен 20 мың текше метр суды сүзгіден өткізеді.
Мың жарымға жуық тұрғыны бар үш ауылдың халқы үшін сапалы ауызсу арманға айнала бастаған еді. Өйткені осы уақытқа дейін олар дәмі кермек татыған тіршілік нәрін тұтынып келді. Қазір бұл мәселе толық шешімін тапты.
Роза Кадиева, Красная Поляна ауылының тұрғыны:
– Біз бұрын есік алдындағы өзіміз қазып алған құдықтан су ішетінбіз. Оның сапасы нашарлау болды. Суды тұндыратынбыз. Шәйнектің түбі де таттанып кететін. Ал қазір судың сапасын сөзбен айтып жеткізу қиын. Жұмсақ, өте дәмді.
Облыс орталығының іргесіндегі Садовый ауылының халқы да тіршілік нәрін тасымалдап ішуге мәжбүр болған. «Қазір бұл азаптан толығымен құтылдық»,- деп қуанады. Себебі тұрғындар ауызсуды үйіне дейін кіргізіп алған.
Ахмет Амантай, Садовый ауылының тұрғыны:
– Суымыздың бәрі тартулы. Тұщы су да бар. Осы суды ішемін. Дәрігерлер маған күніне 1,5 литр су ішу керек деп айтқан. Таңертеңнен кешке дейін осы суды іше беремін. Қалаға шапқыламаймыз.
Қайтарылған қаржыға сумен жабдықтаудан бөлек, жаңа әлеуметтік нысандар да салынды. Әсіресе медициналық мекемелердің құрылысы қарқынды. Соңғы бір жылда қалаға шалғай орналасқан елдімекендер де 10 амбулаториялық-емхана бой көтерді. Игі жобалар әлі де жалғасып жатыр.
Меруерт Байболова, Ақмола облысы прокурорының көмекшісі:
– Қазіргі уақытта 12 нысанның құрылысы жалғасуда. Оның ішінде төрт денсаулық сақтау нысаны және сегіз сумен жабдықтау нысаны бар. Жобаларды іске асыру барысы тұрақты бақылауда.
Жалпы өңірде қайтарылған активтер есебінен 47 жоба қолға алынған. Оның 15-денсаулық сақтау, 29-ы сумен жабдықтау және 3-і спорт саласына қатысты. Бұл мақсатты арнайы қордан 46 млрд теңге бөлінген.
Авторлары: Абзал Азаматұлы, Евгений Шинкаренко