Aлматы облысында жол салатын жер мемлекетке қайтарылды

Алматы облысындағы «Жаңа Әлем» тұрғын үй алабының халқы 10 жылдан бері жолсыз отыр. Түнде көшелері тас қараңғы, жарық шамдары орнатылмаған, деп хабарлайды 24KZ.

Қазір мұнда екі мыңға жуық адам тұрады. Тұрғындардың айтуынша, балалар мектепке балшық кешіп барады. Жедел жәрдем көлігінің үйлерге жетуі мұң. Жылдар бойы қордаланған мәселені шешуге құқық қорғау органы араласты.

Алғашқы тұрғындар мұнда 2000 жылы көшіп келе бастады. Ол кезде санаулы үй еді. Жиырма жылда шағын аудан айтарлықтай кеңейді. Халық саны көбейсе де, жол салу мен көшелерді жарықтандыру мәселесі шешімін таппады. Әсіресе күн сайын мектепке қатынайтын оқушыларға қиын. «Шыттай киініп кететін балалар, үстін ластап қайтады», - дейді тұрғындар.

Нәзия Өтелбаева, Өтеген батыр ауылының тұрғыны:

- Біздің бұл мәселе бойынша 2005 жылдан бері бармаған жеріміз жоқ, баспаған тауымыз жоқ десем болады. Әне-міне деп жүріп, кірмеген есігіміз жоқ. Өйткені әкімдіктің қолында қағаз болған жоқ. Бұл ол кісілердің құзырында болған жоқ, жекеменшік адамның қолында болды.

Жанар Ыбыраева, Өтеген батыр ауылының тұрғыны:

- Енді жолды жасап берсе, жарықты жасап берсе, балаларымыз аман-есен мектептеріне барып келгенін бәрі қалайды. Бұл жолға жедел жәрдем көлігі, такси дегеннің келуі қиын. Қапал батырдың бас жағынан күтеді, жұрттың бәрі сол жаққа барады.

Тұрғын үй алабында прокурорлық тексеру жүргізілді. Жол салуға арналған жер телімдерінің осы уақытқа дейін жеке меншігінде болғаны анықталды. Прокурорлардың араласуынан кейін меншік иесі жалпы аумағы 20 гектар жерді мемлекетке қайтаруға міндеттелді. Сот шешімі заңды күшіне енді. Қазір жергілікті билік жол салу және абаттандыру жұмыстарына кірісті.

Бауыржан Төлендинов, Іле ауданының прокуроры:

- Жалпы жолдарға арналған жерлер жекеменшікте бола алмайды. Осы себептен аудан прокуратурасы тұрғындардың мүдделері үшін сотқа талап арыз беріп, жолдарды мемлекетке қайтару туралы мәселесін көтерген. Қазіргі таңда сот шешімі негізінде осы жолдар мемлекетке қайтарылды. Қазіргі таңда абаттандыру жұмыстары басталды.

Төлеген Омаров, Өтеген батыр ауылдық округінің әкімі:

- Қазір осы мәселе шешілді, шешімі табылды, 7-8 ай сот болды. Жерді үкіметке қайтардық, енді биыл бірінші көшемізді, жолымызды халық игілігіне жасап беріп жатырмыз. Бұл жерде 12 көше бар. Жалпы 15-21 көше аралығында ендігі жылға қарай қазір проект жасалып жатыр.

Жоба бойынша енді кешенді жұмыс жүргізіледі. Жол салынады. Одан бөлек, жергілікті билік көшелерге жарық шамдарын орнатып, жаяу жүргіншілер жолы мен аллеяларды абаттандыруды, сондай-ақ ойын алаңдарын салуды жоспарлап отыр. Әкімдіктің мәліметінше, қаржы уақытылы бөлінсе, негізгі жұмыстар келесі жылы аяқталады.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Аят Дүйсембай, Аманжол Жөңкешов

Сондай-ақ оқыңыз: