Іле Алатауында музей салынып жатыр
Келесі жылы Алматы облысында тауда орналасқан Орталық Азиядағы ең биік музей ашылады. Іле Алатауындағы «Ұлы дала кітабы» деп аталатын нысан халықаралық мәдени орталық мәртебесіне ие болады, деп хабарлайды 24KZ.
Музей құрылысы Oi-Qaragai курортының аумағындағы Aqtas жаңа туристік аймағында жүріп жатыр. Жоба Алматы тау кластеріндегі негізгі орындардың біріне айналады.
Алматы облысындағы Oi-Qaragai тау курортының құрамына кіретін жаңа туристік аймақ теңіз деңгейінен 2140 метр биіктікте орналасқан. Бұған дейін мұнда заманауи аспалы жол салынған болатын. Aqtas туристік аймағында тау шаңғы туризмін дамытуға басымдық берілген. Жоба авторлары шетелдік тәжірибені де ескерген.
Максим Козлов, Oi-Qaragai тау курорты PR бөлімінің басшысы:
– Биыл Aqtas инвестициялық жобасы мәресіне жақындады деуге болады. Себебі инфрақұрылым нысандарының барлығы дайын, құрылысы аяқталған. Тек аз ғана жұмыс қалды. Бірақ сол қалған жұмыстың ең ауқымдысы – музей құрылысы. Ол теңіз деңгейінен 2140 метр биіктікте орналасады. Біздің білуімізше, бұл Орталық Азиядағы ең биік тауда орналасқан музей болмақ.
Әлемнің түрлі елдерінде осындай музейлер бар. Атап айтқанда, Италия, Аргентина, Непал және Қырғызстанда таулы аймақтарда музейлер жұмыс істейді. Ал теңіз деңгейінен 3500 метр биіктікте орналасқан Ресейдегі Эльбрус аймағы қорғаныс музейі әлемдегі ең биік таулы музей саналады. Қазақстандағы жаңа мұражай этномәдени бағытта жұмыс істейді. «Ұлы дала кітабы» деп аталатын музейді 2027 жылдың қазан айында ашу жоспарланып отыр.
Максим Козлов, Oi-Qaragai тау курорты PR бөлімінің басшысы:
– Курорт әрдайым табиғатының әсемдігімен ерекшеленеді. Бұл – фото және бейнетүсірілім жасауды ұнататындар, әлеуметтік желіге сапалы контент жариялайтындар жиі келетін орын. Мұнда көз тартар көркем көріністер көп.
Oi-Qaragai тау курорты Алматы тау кластерінің құрамына кіреді. Aqtas аймағы Солтүстік Тянь-Шаньның көрікті жерінде орналасқан. Жақында бұл жер өзге де туристік нысандармен аспалы жол арқылы байланысады. Бұл саяхатшылар ағынын едәуір арттыруға мүмкіндік береді. Қазір мұнда қажетті инфрақұрылым бар. 14 глэмпинг, екі мейрамхана, үш мәжіліс залы және премиум санаттағы апартаменттер бар. Сондай-ақ кәріз суларын кәдеге жарату мәселесі де шешімін тапқан. Мұндай технологиялар Еуропа елдерінде қолданылады.
Владимир Рудь, Oi-Qaragai тау курорты техникалық бөлім басшысы:
– Курорт толық қуатында жұмыс істеген кезде тәулігіне шамамен 40–60 текше метр, кейде 80 текше метрге дейін су жиналады. Ал маусымаралық кезеңде, қазір тәулігіне 5–10, ең көбі 15 текше метр су жиналып жатыр. Ол арнайы резервуарларда сақталады. Кейін тау шаңғысы трассаларына жасанды қар төсеуге немесе көгалдарды суаруға пайдаланылады.
Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, таулы аймақтарды туристік тұрғыдан дамыту өңірдің тартымдылығын арттыруға ықпал етеді. Oi-Qaragai курортының аумағын кеңейту арқылы туристерге демалыстың жаңа түрлерін ұсынады. Сонымен қатар бұл бастама Алматы өңірінің экономикасына да оң әсерін тигізбек.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Кенже Амраев,