Қазақстандағы ең қарт зейнеткер 106 жаста

фото: ЖИ

Қазақстанда зейнетақы төлемдерін алатын 100 жастан асқан 44 адам бар. Бұл туралы 1 қазанда атап өтілетін Қарттар күніне орай «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы мәлімдеді, деп хабарлайды 24KZ.

Мемлекеттік корпорацияның мәліметінше, 2026 жылғы 30 қыркүйектегі жағдай бойынша елімізде 2,4 миллионнан астам адам зейнетақы төлемдерін алады. Олардың 64%-ы – әйелдер, 36%-ы – ерлер.

Қазақстандағы ең қарт зейнеткер – Шымкент қаласының 106 жастағы тұрғыны. Ол үлкен отбасымен бірге тұрады және жақындарының қамқорлығында.

Ал елдегі ең қарт ер зейнеткер – Алматы қаласының 104 жастағы тұрғыны Зулхарнай Сеитов.

Ол - Ұлы Отан соғысының ардагері, биология ғылымдарының докторы, профессор, академик Зұлқарнай Сейітов Сталинград шайқасынан Берлинге дейінгі майдан жолын басып өткен. Соғыстан кейін өмірін ғылым мен педагогикаға арнап, ондаған жылдар бойы жемісті еңбек етті, – деп хабарлады мемлекеттік корпорация.

Еңбек жолында ол 150-ден астам ғылыми еңбек, монография және оқу құралының авторы атанды. Жауынгерлік ерлігі Қызыл Жұлдыз орденімен, II дәрежелі Отан соғысы орденімен, сондай-ақ «Сталинградты қорғағаны үшін» және «Ерлігі үшін» медальдарымен атап өтілген.

Мемлекеттік корпорацияда атап өткендей, ұзақ жасаған азаматтардың өмір жолы ұрпақтар сабақтастығын және аға буынның ел дамуына қосқан үлесін көрсетеді.

Қарттар күні жыл сайын 1 қазанда атап өтіледі. Бұл күн аға буын өкілдерінің өмірлік тәжірибесі, еңбегі мен жетістіктерінің маңызын айшықтауға арналған.

Сондай-ақ оқыңыз: