Демалыс аймақтарында кәсіп ашатындарға талап күшейтілді

Демалыс аймақтарында кәсіп ашатындар өлкенің экожүйесіне зиянын тигізбеуі керек.

Талап күшейтілді. Туризмі қарқынды дами бастаған Шығыс Қазақстан облысының жергілікті билігі инвестициялық ұсыныстарды қабылдап, тиімдісін таңдап жатыр. Жалпы өңірдің туризм саласында жалпы құны 124 млрд теңге болатын 5 инвестициялық жоба жүзеге асты. Оның ішінде тұмса табиғатымен танымал Қатон-Қарағай ауданының туристік әлеуетін арттыру жоспары бар. 

Биыл Төр Алтайдың көз тартар сұлулығын 300 мыңнан астам турист тамашалаған. "Негізгі саны бұдан да көп болуы мүмкін", - дейді мамандар. Заңғар тауы, сыңсыған орманы мен тулаған өзені бар өлкеге қызығатындар көп. Жалпы 42 бағыт бойынша экскурсия ұйымдастырылса, соның жартысына жуығы Ұлттық парк аумағында өткен. Бұл жақта демалыс орындарын салып жатқандар да, кәсіп ашуды жоспарлап жүргендер де көп. Оларға талап ортақ.

Ирина Смит, Туризм және инвестициялар басқармасы басшысының орынбасары:

- Бас жоспарды әзірлеу кезінде орман қоры толық ескеріледі. Демек барлық құрылыс жұмысы ерекше қорғалатын аумақтарды пайдалану талаптарына сай жүргізілуі тиіс. 

Светлана Фроимчуктың Глубокое ауданындағы эко-қонақүйі көпшілікке танымал. Кәсіпкер табысын көбейтуге ғана емес, айналасын көркейтуге де мән береді. Осыған дейін 300-ден аса майқарайғай отырғызса, биыл тағы 140 түп тал еккен. 

Светлана Фроимчук, кәсіпкер:

- Қоршаған ортаға еш зиян тигізіп жатқан жоқпыз. Керісінше ағаш егіп, айналаны көгалдандыруға тырысудамыз. Табиғаттың қадірін келген қонақтар да бағаласа екен, көрсе екен дейміз. 

Бұл экологиялық демалыс базасын жергілікті билік өкілдері өзге кәсіпкерлерге үлгі етеді. Инвесторлар тарапынан қызығушылық жоғары. Олар бұл салаға жалпы 124 миллиард теңге жұмсауға әзір. Бұдан бөлек аймақта эко-парктер де салынып жатыр.

Талғат Дәулетов, облыстық Туристік ақпарат орталығы басшысының орынбасары:

- Сонымен қатар біздің облысымызда қазіргі таңда үш экопарк салынып жатыр. Ол бірінші Өскемен қаласында, екінші Ұлан ауданында және де Глубокое ауданында. Қазіргі таңда қарқынды жұмыс жүргізіліп жатыр. Мен ойлаймын, келесі жылы да қонақтарымыз осы паркке барып, серуендеп жақсы демалып қайтады. 

"Жасыл желекті демалыс алаңдарының саны ел бойынша көбейгелі тұр", - дейді мамандар. Алдағы үш жылда республика көлемінде 46 эко-саябақ ашу жоспарланған.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Дмитрий Пыхтин

Сондай-ақ оқыңыз: