Шымкентте инфрақұрылымдық және медициналық нысандар салынады

Шымкентте жол-көлік инфрақұрылымын дамытып, медицина саласын жетілдіруге арналған ауқымды жобалар жүзеге асырылады. Шаһардағы көлік жүктемесін азайту үшін 50 шақырымдық үлкен айналма жолдың құрылысы басталды. Сонымен қатар жаңа емхана бой көтеріп, көпбейінді аурухана жанынан заманауи корпус салынады. Бұл туралы қала әкімі Ғабит Сыздықбековтың қатысуымен өткен баспасөз турында мәлім болды, деп хабарлайды 24KZ.


Ұзындығы 50 шақырым болатын автомобиль жолының құрылыс алаңына капсула салынды. Төрт жолақты жаңа магистраль Алматы-Термез трассасын Солтүстік айналма жолмен және Ташкент бағытымен байланыстырады. Бұл транзиттік көліктердің легін қала сыртына бұрып, ішкі жолдың қауіпсіздігін арттырады.

Ғабит Сыздықбеков, қала әкімі:

— Президентіміз аса мән беріп отырғанын білесіздер. Осындай ірі жобаларды жүзеге асыру бойынша нақты тапсырмалар берген. Бұның бәрі біздің транспорттық потенциалымызды дамытады. Әрі қарай да бұл жұмысты тоқтатпайтын боламыз.

Сонымен бірге Мемлекет басшысының тапсырмасымен Shymkent City шағын ауданында 500 адамға арналған жаңа емхананың құрылысы басталды. Мұнда ересектер мен балалар бөлімшелері, әйелдер консультациясы және отбасылық денсаулық орталығы жұмыс істейді.

Қайрат Қалыбеков, қалалық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

— Қазір тұрғылықты халықтың саны 14 мыңнан асты. Жыл сайын 6-7 мың адам көшіп келіп жатыр. Бұл – қарқынды дамып келе жатқан мөлтек аудан. Сол себепті осы жерге көңіл бөлініп, үлкен ғимарат салынғалы отыр.

Медициналық қызметтің сапасын арттыру мақсатында қалалық №2 көпбейінді аурухана жанынан қосымша корпус салынады. Алаңда арнайы капсула қою рәсімі өткізіліп, құрылыс жобасы таныстырылды.

Олжас Тәжібаев, қалалық Құрылыс басқармасының басшысы:

— EPC келісімшарты бойынша бұл компания жобалаумен қатар құрылыс жұмыстарын да толық жүзеге асырады. Барлық жұмыстарды аяқтауға 16 ай қажет. Қосымша ғимаратымыз 80 төсек-орынға арналған. Құрал-жабдықтардың барлығы осы сомаға кіреді.

Сала мамандарының айтуынша, жаңа ғимаратта заманауи күтім бөлімдері ашылып, инсульт, инфаркт және жүрек-қан тамырлары сырқаттарына шалдыққандарға көмек көрсетіледі.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов, Нұрмахан Мұсатов

Сондай-ақ оқыңыз: