Жол сапасына көз жұмғандар жазаланды

Жол сапасын тиісті деңгейде тексермей, кінәратқа көз жұмғандар жазаланды. Тіпті қызметтен кеткен жауаптылар бар. Бұл туралы «ҚазАвтоЖол» компаниясы хабарлады. Бұл кемшіліктер қалай анықталған? Енді құрылыс сапасы қалай тексереледі? Бұл туралы 24KZ хабарлайды.


Асфальт жол шұрық тесік, сапасыз. Тіпті жарылып кеткен жағдайлар да бар. Мемлекеттік маңызы бар жолдардан осындай 1670 ақау табылған. Бұл жыл басынан бері өткен 50-ге жуық тексерістің нәтижесі. Сондықтан «ҚазАвтоЖол» компаниясы қызметіне салғырт қараған мамандарға 53,4 млн теңге айыппұл салған. Тіпті 22 техникалық қадағалаушыны жұмыстан шығарғаны туралы мәлімдеді. Ал жұмысын сапасыз атқарған мердігерлер кемшіліктерді жойып жатыр.

Әділет Әнуарбеков, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Техникалық саясат және сапаны бақылау департаментінің директоры:

- Анықталған ақаулар тиісті іс-шара құжаттары жасалынып, тиісті уақыттары белгіленеді. Сол уақыттар аясында мердігер өз қаражаты есебінен толықтай осы анықталған ақауларды жоюға міндетті.

Қазір кемшіліктердің тең жартысы түзелген. Алайда бұл себеппен емес, салдарымен күресу. Сондықтан Көлік министрлігі мамандарға аранайы оқу семинарын өткізіп жатыр. Онда құрылысты жобалаудан бастап, қаражаттың талан-таражға түспеуін, құрылыс материалдарының дұрыс таңдалуы мен жұмыстың сапалы атқарылуын қадағалау мәселелері көтерілді.

Мейірхан Бекесов, ҚР Көлік министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің ғылым және жұмыс сапасы басқармасының басшысы:

- Қандай шешімдер қабылдануы керек? Қандай жолдың түрі, қандай жөндеу жұмысы анықталуы керек? Ол қалай жоспарлануы керек? Нақты қандай шаралар, қандай тәсілдерге мән берілуі керек? Сапаны бақылау қалай жүргізілуі керек? Кейін осы жиынның нәтижесінде облыс әкімдіктері осыған жауап алып кетеді.

Өз кезегінде жауаптылар жол сапасын тексеруді жалғастыратынын мәлімдеді. Алда талапқа сай келмейтін учаскелер әлі де анықталуы мүмкін.

Авторлары: Серік Селеубайұлы, Болотбек Табалдиев

Сондай-ақ оқыңыз: