Атырау облысында тұрақтандыру қорына 10 мың тоннадан астам көкөніс жиналады

Алдын ала қам жасамаса баға ұстатпай кетеді. Осы себепті Үкімет қысқы азықты күзде жинап қояды. Атыраулықтар тұрақтандыру қорына биыл 10 мың 200 тоннадан астам картоп пен өзге де көкөніс түрлерін дайындайды, деп хабарлайды 24KZ.

Осы үшін арнайы 470 гектар жер игеріліп, оған 1,5 млрд теңге бөлінген. Қаражат егістікті өңдеуге, суаруға және жанар-жағармайға жұмсалады. Қазір өңірде жиын-терім мезгілі.

Ал тұрақтандыру қорындағы әлеуметтік маңызы бар азық-түлікті қаладағы 11 сауда нүктесі жыл бойы сата береді. Мұндағы ұн, макарон және басқа да өнімдердің бағасы нарықтағыдан 15-20 пайызға төмен. Биыл жиналған картоп пен көкөніс өнімдері келер жылдың ақпан айынан бастап саудаға шығарылады.

Мерей Бегенәлиев, облыстық Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының бас маманы:

- Өңір халқын маусымаралық кезеңде қамтамсыз ету мақсатында 5 шаруа қожалығымен келісімшарттар жасақталды. Оның ішінде картоп 4765 - тонна, сәбіз - 1885 тонна, пияз - 2349 тонна, қырыққабат - 1234 тонна. Ол өнімдерді қазіргі уақытта жинау жұмыстары жүргізіліп, сақтау орындарына жеткізілуде.

Сондай-ақ оқыңыз: