Абай облысында тамшылатып суару әдісін игергендер көбейді

Елдегі шаруашылықтар су үнемдеуді меңгерді. Кейінгі үш жылда жаңа технология арқылы суғарылатын алқап көлемі үш есе ұлғайып, 702 мың гектардан асты. Тамшылатып суғарудың игілігін көріп отырғандардың бірі — Үржарлық диқандар, деп хабарлайды 24KZ.

Биылғы аптап ыстық пен жауын-шашынның тапшылығы шаруалар үшін оңайға соқпады. Соған қарамастан күнбағыстың шығымы көңіл көншітеді. Шаттық Ыдырыш осы жазда алғаш рет тамшылатып суару жүйесін қолданды. Ол көп жыл бойы бос жатқан жерге жер астынан 114 шақырым құбыр тартып, 1200 гектар алқапты игерген.

Шаттық Ыдырыш, диқан:

- Мақсат — тамшылатып суаруды қоюда тек қана шемішке емес, басқа да экономикалық кірісі жақсы өнімдерге қарай көшу. Тамшылатып суару арқылы аз жерден мол өнім алу барлығына жақсы. Ел-жұртқа да жақсы. Көп өнім өткізсек, мемлекетке пайдамыз тиеді.

Александр Константинов, комбайншы:

- Аптап ыстықтан биыл егін дұрыс шықпады. Мынау сияқты суармалы жерден ғана түсім мол болып жатыр. Жауынға сеніп, егін егудің тәуекелін шаруалар да түсіне бастады. Олар біртіндеп тамшылатып суаруға көшуде. Міне, қазір күнбағысты күні-түні орып жатырмыз.

Суару жүйесі арқылы мұнда алғаш рет асқабақ өсірілді. Шаруалар өнімді 100 гектар алқапқа еккен. Енді оның дәнін өңдеп, Еуропа нарығына шығаруды жоспарлап отыр. Себебі ол жақта асқабақ тұқымына сұраныс жоғары.

Шаттық Ыдырыш, диқан:

- Бұның енді дәні адам денсаулығына өте пайдалы. Бұның сұранысы өте жоғары. Әсіресе Еуропа халқы. Қазақстанда да өте сұранысқа ие. Шауып, тазалап, кептіріп содан әрі қарай базарға саламыз.

Үржар ауданында биыл көктемгі және күзгі дала жұмыстарына 3 млрд-тан астам теңге қарастырылған. Ал егін жинау науқанына арзандатылған 700 тоннаға жуық жанармай бөлінген. Жалпы өңірде 2 мыңнан астам шаруашылық егінмен айналысады.

Мадияр Сәкенов, Өсімдік шаруашылығы, техникалық инспекция және механикаландыру бөлімінің басшысы:

- Жанар-жағармай және дизель отыны бойынша 21 мың тонна отын бөлініп отыр. Оның барлығы ай сайын кестеге сай жүргізіліп отыр. Бүгінгі күні 12 600 тоннасы төленіп, 119 ауыл шаруашылығы өндірушілеріне жеткізілді.

Елде су үнемдеу технологияларын енгізуге берілетін қолдау да күшейтілді. Жүйелерді сатып алу мен орнатуға жұмсалған шығынның 80 пайызына дейін өтеу қарастырылған. Ал 2030 жылға қарай су үнемдеу технологиялары қолданылатын алқап көлемін 1 млн 300 мың гектарға жеткізу жоспарланып отыр.

Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Мәди Базарбеков

Сондай-ақ оқыңыз: