Алматыда бірыңғай тау кластері құрылады
Алматының тау курорттары бірыңғай кластерге біріктіріледі. Оның құрамына бірнеше шатқал мен «Ой-Қарағай» курортының ең биік нүктесі Ақтас аумағы кіреді, деп хабарлайды «24KZ».
Олар бір-бірімен аспалы жолдар арқылы байланысады. Ал Бутаковкада тағы үш желі пайда болады. Сондай-ақ биіктігі шамамен 3 мың 800 метр болатын Чкалов шыңына дейін жол тартылады. Жобаны іске асыруға шетелдік мамандар да жұмылдырылған. Қазір аспалы жолдардың бағыттары, станциялары және олардың орналасатын жерлері анықталып жатыр. Болашақта бірыңғай шаңғы тебу аймағына шамамен 150 шақырымдық трасса кіруі мүмкін. Сонымен қатар таудағы демалысты жыл бойы ұйымдастыру көзделген. Жаз мезгілінде хайкинг, трекинг, альпинизм және экотуризмнің басқа да бағыттарын дамыту жоспарланып отыр. Жобаның тағы бір міндеті – таулы аймақтардағы көлік қатынасын дамыту. Демалыс күндері танымал курорттарға апаратын жолдарда көлік кептеледі. Бұл мәселені реттеу үшін туристер қалаға қайта оралмайтындай инфрақұрылым салынады.
Александр Руденко, Almaty Tau Management басқарма төрағасының орынбасары:
- Тау кластері бірнеше шатқалды қамтиды. Оның негізгі мақсаты – Кімасар, Бутаковка, Пионер сияқты шатқалдарды арқанды жолдар арқылы байланыстыру. Сонымен қатар оған Ақтас тау курортын да қосу жоспарланған. Шымбұлақ тау курорты кеңейтіледі. Жаңадан аспалы жолдар мен трассалар салынады.