Түркістанда «Сушылар мектебі» құрылады

Түркістанда Су ресурстары және ирригация министрлігінің бастамасымен «Сушылар мектебі» құрылмақ.

 Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мен су мамандарына арналған өңірлік оқу орталығы «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының облыстық филиалы жанынан ашылады. Қазір оқу бөлмелерін жабдықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Алдағы қаңтар айынан бастап, шаруаларды оқыту басталады. Жылына 500 маман даярланады деп күтілуде. Жобаның негізгі мақсаты суды тиімді пайдалану арқылы өнімділікті қалай арттыруға болатынын тәжірибе жүзінде көрсету. Оқу барысында шаруалар тамшылатып және жаңбырлатып суару жүйелері мен басқа да заманауи су үнемдеу технологияларын тиімді пайдалану жолдарын меңгереді. Оқыту теориялық және практикалық тұрғыда жүргізіледі.

Бағлан Пірматов, «Қазсушар» РМК Түркістан филиалы директорының орынбасары:

- Тағы бір маңызды бағыт - осындай тәжірибені басқа өңірлерге де тарату. Ол үшін алдымен бірнеше пилоттық алаңда тәжірибе жинақтап, кейін тиімді шешімдерді республика көлемінде қолдану мүмкіндігі қарастырылуда. Түркістандағы «Сушылар мектебі» болашақта су үнемдеу бойынша білім, тәжірибе және жаңа технологиялар жинақталатын өңірлік орталыққа айналуы тиіс.

Сондай-ақ оқыңыз: