Шымкентте темір жол үстінен жаңа өткел ашылды
Шымкентте көлік қозғалысын жеңілдетуге бағытталған тағы бір маңызды нысан пайдалануға берілді.
Темір жол үстінен салынған жаңа автокөлік өткелі шаһардағы көлік жүктемесін азайтып, жол қозғалысының қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді. Жаңа нысанның техникалық ашылу рәсіміне қала әкімі Ғабит Сыздықбеков, жергілікті тұрғындар мен мердігер ұйым өкілдері қатысты.
Тіленшин көшесінде ұзындығы 850 метрлік төрт жолақты жаңа көлік өткелі техникалық тұрғыда ашылды. Күрделі жоба көп жылдық көлік кептелісі мәселесін шешуге мүмкіндік береді. Мамандардың айтуынша, енді автокөлік пен теміржол қозғалысы бір-біріне кедергі келтірмей, жол қауіпсіздігі артады.
Ролан Ибрагимов, қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:
– Бұл жолмен әрі қарай Төле би ауданына да шығып кетуге болады және де білесіздер бұл жолдың бойында туристік нысан өте көп және индустриалды аймақтарға баруға болады. Осыны ескере отырып, қала әкімі тапсырма берген. Автомобиль жолдарына да тұрғындарға да бұл жерде қауіпсіз жағдайлардың бәрі қаралды.
Өткел құрылысы өткен жылы басталған болатын. Салаға жауаптылардың айтуынша, алдағы он күн ішінде жол жабынының соңғы қабаты төселіп, айналасы толық абаттандырылады. Маңызы жоғары жобаға тұрғындар да, жүргізушілер де оң бағасын берді.
Нұржан Құрбанашов, қала тұрғыны:
– Алдын жүретін кезде переезден өтетін едік қой. Ол кезде очередь кәдімгідей. Жарты сағат уақытымыз кететін еді. Қазір енді 30 секундта өтіп кетіп бара жатырмыз. Рақмет барлығына!
Мұнда теміржол арқылы тәулігіне орта есеппен 50-ден астам пойыз өтеді. Десе де, арнайы жұмыс кестесі бекітіліп, құрылыс қарқыны бір сәтке де бәсеңдеген жоқ. Сонымен қатар көлік қозғалысына ешқандай шектеу қойылмады. Мердігерлер қиындықтарға қарамастан жобаны бір жыл ішінде аяқтап шықты.
Еркінгүл Оспанәлиева, «Береке» ЖШС бас директоры:
– Әрбір көпірге 50 жылдық мерзім бар негізі. Бұл көпірдің сапасына 50 жылға гарантия береміз. Барлық құрылыс материалы свайдан бастап, балка барлығы өзімізден шықты.
Қала жолдарында көлік қозғалысының қарқыны жыл санап артып келеді. Сондықтан жол инфрақұрылымын жақсарту мақсатында Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында биыл екі жаңа өткел салынып, пайдалануға берілді.
Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов, Нұрмахан Мұсатов