Семейде «Сергек» 123 мыңнан астам жол ережесін бұзу дерегін тіркеді
Жыл басынан бері Семейде «Сергек» жүйесі 123 693 жол қозғалысы ережесін бұзу дерегін тіркеді, деп хабарлайды «24KZ» Абай облысы Полиция департаментіне сілтеме жасап.
Қазір қалада 919 бейнебақылау камерасын қамтитын 130 фото және бейнефиксация кешені жұмыс істейді. Камералар жолдағы қауіпті әрекеттерді бақылап, жүргізушілердің бағдаршамның тыйым салатын сигналы жанғаннан кейін қиылыстан өтуі сияқты құқық бұзушылықтарды тіркейді.
«Сергек» жүйесінің мүмкіндігі жол ережесін бұзуды анықтаумен шектелмейді. Бейнебақылау арқылы полицейлер ұрланған көліктердің орналасқан жерін анықтап, мас күйінде көлік басқару фактілерінің жолын кеседі. Камера жазбалары көлік ұрлығына күдіктілерді анықтауға да көмектеседі.
Сонымен қатар бейнежазбалар жол-көлік оқиғаларының мән-жайын анықтауда маңызды рөл атқарады. Оның көмегімен жаяу жүргіншіні қағып кеткен немесе жол апатынан кейін оқиға орнынан қашып кеткен жүргізушілерді табуға мүмкіндік бар.
Полиция департаменті жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін сақтауға шақырады. Мамандардың айтуынша, камералардың басты мақсаты – заңбұзушылықты тіркеу ғана емес, жолдағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз