Қазақстанда тегін дәрі-дәрмек алу тәртібі өзгеруі мүмкін
Қазақстанда тегін дәрі-дәрмек алу тәртібін өзгерту ұсынылды. Денсаулық сақтау министрлігі тиісті бұйрық жобасын «Ашық НҚА» порталында қоғамдық талқылауға шығарды, деп хабарлайды 24KZ.
Жобаға сәйкес, электронды рецепт бойынша дәрі-дәрмекті QR-код арқылы алуға болады. Оны «Әлеуметтік әмиян» сервисі, екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары және eGov Mobile арқылы көрсету ұсынылып отыр.
Қағаз рецепттер де сақталады. Алайда дәрі беру кезінде науқастың жеке басын сәйкестендіру рәсімі жүргізіледі.
Сонымен қатар дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымның берілгенін фармацевтінің электрондық цифрлық қолтаңбасы арқылы растау ұсынылған. Бұл препараттың нақты берілгенін электронды түрде тіркеуге мүмкіндік береді.
Министрлік жаңа тәртіп дәрі алуды жеңілдетіп, тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесінің ашықтығын арттырады деп күтеді.
Айта кетейік, әзірге бұл – өзгерістер жобасы. Құжат белгіленген тәртіппен қаралып, қабылданғаннан кейін ғана жаңа талаптар күшіне енеді.