Атырауда коммуналдық инфрақұрылым жаңғыртылуда
Атырауда коммуналдық және энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту жөніндегі Ұлттық жоба шеңберінде бірнеше жоба жүзеге асып жатыр. 400 шақырым электр желісі мен қосалқы станциялар жаңғыртылуда.
Сонымен қатар тозығы жеткен сегіз шақырым жылу желісі жаңарады. Бүгін өңірге жұмыс сапарымен барған Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев жүзеге асып жатқан жобалармен танысып, құрылыс нысандарын аралады.
Облыс орталығындағы 400 шақырымнан аса жылу желісінің 59 пайызы тозған. Енді Ұлттық жоба аясында әбден ескірген сегіз шақырым учаскені жаңғырту жоспарланып отыр. Нәтижесінде жылу шығыны 75 пайызға азаймақ. Ал 2030 жылдың соңына дейін 27 шақырымға жуық жаңа желі тартылады. Бұл жұмыстар инженерлік желілердің тозу көрсеткішін 40 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар өңірде ұлттық жоба шеңберінде электр желілері де жаңғыртылуда.
Әлібек Темірғалиев, «Атырау жылу жүйелері» ЖШС директоры:
- Инженерлік желілердің тозуын азайту жұмыстары ұлттық жоба аясында жалғасып жатыр. Сондай-ақ тозуды деңгейін азайту мақсатында бюджет есебінен 17,5 шақырым желіге күрделі жөндеу жүргізу жоспарланған. Қазір оған да жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр.
Қанат Бозымбаев кәріз тазарту құрылысы және булану алаңдарын рекультивациялау барысымен танысты. Үкімет басшысының орынбасары ағынды суларды тазарту мәселесін түбегейлі шешіп, қоршаған ортаның одан әрі ластануына жол бермеу керегін айтты. Сонымен қатар «Квадрат» булану алаңын рекультивациялау жұмыстарын көрді. Ағынды суларды залалсыздандыру, қосымша және биологиялық тазарту технологияларына қатысты жобада қателіктер анықталды. Қанат Бозымбаев сала мамандарына енгізілуі тиіс өзгерістерді жан-жақты қарастырып, нақты шешімдер ұсынуды тапсырды.
Қанат Бозымбаев, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:
- Қазіргі заманға сай заманауи технологияларды пайдалану керек. Жобада қаралған технологиялар 40 жыл бұрын пайдаланылған технологиялар. Сондай қателер кетті, оның шындығын айту керек. Сондықтан оны реттеу керек. Қателікті кім жіберді, оларды табу керек. Бұл мәселені бір-екі жылдың ішінде шешу керек.
Премьер-Министрдің орынбасары азаматтық қорғау жүйесінің дайындығын да тексеріп, «Ауыл аманаты» жобасы аясында ашылған ауыл шаруашылығы нысанына барды. Қанат Бозымбаев сапарды қортытындылап, жиын өткізді. Жауаптыларға проблемалы нысандарға қатысты шешімдерді дер кезінде қабылдап, жобаларды уақытында аяқтауды тапсырды.
Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Матенов, Жандос Рахметуллин