Түркістан облысында жауын салдарын жою жұмыстары жүріп жатыр
Түркістан облысының Қазығұрт ауданында толассыз жауған нөсер салдарын жою жұмыстары жүріп жатыр. Мамандар су басқан аулалар мен жертөлелерді лай-батпақтан тазартып, қалпына келтіруде.
Бұл жұмыстарға 12 арнайы техника мен 200-ден астам адам жұмылдырылды. Аудандық еріктілер тобы да көмектесіп жатыр. Айта кетейік, кеше кешкісін нөсер жауып, бірнеше ауылды су басты. 28 үйдің ауласына су жайылып, бірнеше үйдің жертөлесіне су кірді. Көлкіген су жаяу жүргіншілер мен көліктердің қозғалысын қиындатты.
Балнұр Сатыбалды, Ағанай ауылының тұрғыны:
- Үйге келсем, жертөле суға толып қалған. Көмекке барлығы келді, көрші-қолаң, құтқарушылар, моторларын қосып, сулардың бәрін шығарып, еріктілер де келіп көмектесіп жатыр.
Нұрсұлтан Медеуов, аудан әкімінің орынбасары:
- Қазір осы ауласына, үйге кріген сулардың барлығын тазалау жұмыстарына жәрдемдесудеміз. Бәрін қалпына келтіреміз. Алдағы уақытта бұл жұмыстар тоқтамайды. Төтенше жағдайдың алдын алу бойынша жұмыстар атқарыла береді. Тағы да қосымша арық-атыздарды қазу жұмыстары жүргізілетін болады.