Алматы облысында 100 мың тонна алма жиналады

Алматы облысының бағбандары биыл шамамен 100 мың тонна алма жинаймыз деп отыр. Оның 80 пайызға жуығы ішкі нарықта сатылса, қалғаны экспортқа шығарылады. Қазір алма жинау науқанының қызған шағы.

Еңбекшіқазақ ауданында орналасқан бұл шаруашылық 2017 жылдан бері алма өсірумен айналысады. Бақтың аумағы – 106 гектар. Мұнда алманың тоғыз түрі өседі. Науқан кезінде өнім жинауға 100-ге жуық адам тартылады. Қазір жұмысшылар алмаларды сұрыптап, тауарлық сапасын тексеріп, сауда орындарына жөнелтуге дайындап жатыр.

Денис Шмидт, «Arnau Agro» ЖШС бас директоры:

- Біз алма жинау науқанын кеше ғана аяқтадық. Ауа райының құбылуына қолайсыздығына қарамастан өнімділік өте жақсы. Биыл аптап ыстық болып, зиянкестер көп кездесті. Шамамен 2,5 мың тоннадай алма жиналды. Әр гектардан шамамен 40 тоннадан өнім алдық. 

Алматы облысында 6 мың гектардан астам алма бағы бар. Алма өндіруден Еңбекшіқазақ ауданы көш бастап тұр. Мұнда жыл сайын 30 мың тоннадан астам өнім жиналады. Жалпы өңірде алманың 21 сорты өседі. Соңғы үш жарым жылда бағбандар 300 мың тоннадай алма жинаған. Заманауи суару технологияларын енгізу өнімділікті екі есе арттыруға мүмкіндік берді.

Ерлан Жұлдызұлы, Ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:

- Мемлекет тарапынан бақ шаруашылығын дамытуға бірнеше қолдау шаралары қарастырылған. Атап айтқанда, жаңа бақты отырғызуға, ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға, тамшылатып суару жүйесін қолдануға мемлекет тарапынан көрсетілетін көмектер бар. Яғни 80 пайызына дейін субсидияланатын болады. Оның ішінде 50 пайызы республикалық бюджеттен және 30 пайызы жергілікті бюджеттен субсидияланады.

Елде алма импортына уақытша тыйым салынған. Шектеу жыл соңына дейін жалғасады. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, бұл шара отандық бағбандарды қолдауға бағытталған.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Аят Дүйсембай

Сондай-ақ оқыңыз: