Ақмола облысының Зеренді ауданында жүгіруден дәстүрлі марафон өтті

Бесінші жыл қатарынан ұйымдастырылған бұқаралық шара биыл халықаралық сипатқа ие болды. 

Марафонға 11 мемлекеттен мың жарымға жуық желаяқ қатысты. Олар бірнеше қашықтыққа сынға түсті. 

Таңмен таласа тұрған желаяқтар алдымен Зеренді ауданының орталығына жиналды. Олардың жас ерекшелігі де әртүрлі. Қатысушылардың кішісі мектеп оқушысы болса, үлкені зейнет жасында. Мәселен, алпысты алқымдаған Шырынхан Жарылғапов бұл марафонға жыл сайын қатысады. Зейнеткер биыл 10 шақырым қашықтықты бағындырды. 

Шырынхан Жарылғапов, марафонға қатысушы:

-  Мен өзім күнде, күнара жүгіремін. Суға түсемін. Жүгіремін. Осындай марафонға қатысамын. Денсаулыққа өте пайдалы.

Дінислам Асхатұлы, марафонға қатысушы:

- Шымкент қаласынан арнайы арнайы осы марафонға келіп отырмын. Оның алды мен 4 марафонға қатысқанмын. Бұл – менің төртінші полумарафоным. Бұйырса осыдан кейін үлкен марафонға қатысу ниетім бар. 

Иә, осыған дейін дәстүрлі марафон тек республикалық деңгейде ғана ұйымдастырылған. Ал биылғы шараға шетелдік желаяқтар да қатысты. 

Дмитрий Логашин, марафонға қатысушы:

- Мен Беларусь елінің Минск қаласынан осы марафонға арнайы келдім. Бір өзім ғана емес, қасыма тағы 18 адамды ерте келдім. Осыған дейін Астана мен Бурабайдағы марафондарға қатысқам. Алайда Зерендіге алғаш келуім. Тұмса табиғаты мен саф ауасы өте керемет екен. 

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай ауқымды шараның отандық туризмге берер пайдасы зор. Жалпы соңғы жылдары өңірде спорт саласына мемлекет тарапынан көп көңіл бөлінуде. 

Досұлан Айтбаев, облыс әкімінің орынбасары:

- Соңғы жылдың өзінде ғана 50-ден астам спорттық алаңшалар бой көтерді. Оның ішінде ірі 13 спорттық ғимарат бой көтерді. Он үштің жетеуі ауылдық жерлерде салынған. 

Қазір өңірде бұқаралық спортқа бет бұрғандар қатары артқан. Бүгінде 230 мыңнан астам ақмолалық тұрақты түрде спортпен шұғылданады. 

Авторлары: Абзал Азаматұлы, Виктор Полянный

Сондай-ақ оқыңыз: