Түркістан облысында тазалық талабын бұзған 859 тұрғын жазаланды

Түркістанда тазалыққа салғырт қарап, тәртіпке бағынбаған 859 тұрғын айыппұл арқалады. Қазір өңірде қала тазалығына айрықша мән берілуде.

«Таза Қазақстан» акциясының мақсаты – тұрғындардың экологиялық мәдениетін көтеру. «Халықтың табиғат пен қоршаған ортаға деген көзқарасы өзгерсе, тазалық мәселесі шешіледі», - дейді полицейлер. Сондықтан тәртіп сақшылары тұрғындарға үздіксіз түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жүр.

Аудан орталығы Темірлан ауылында қоғамдық орындарды жүзден астам камера бақылайды. Тәртіп сақшылары жедел басқару орталығындағы монитор арқылы әрбір сәтті назардан тыс қалдырмайды. Полицейлер қоғамдық орынды ластайтындар, әсіресе базар маңында жиі кездесетінін айтады. Міне, темекі тұқылын жерге тастаған азамат бейнебақылау камерасына түсіп қалды. Арнайы топ құқық бұзған азаматқа хаттама толтырып, түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Жыл басынан аудан көлемінде қоғамдық орында қоқыс тастаған 210 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 97 тұрғынға сот шешімімен айыппұл салынса, 13-і қоғамдық жұмысқа тартылды. Сондай азаматтың бірі сұхбат беріп, қоғамды орынды ластағанына өкінетінін жеткізді.

Аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері қоғамдық орынды ластаумен қатар абаттандыру қағидаларын бұзатындар да жиі кездесетінін айтады. Бүгінге дейін 859 азаматқа әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұл салынған. Тәртіп сақшылары: «Біздің мақсатымыз – жауапкершілікке тарту емес, түсіндіріп, құқық бұзушылықтың алдын алу», - дейді.

Дәурен Жүрсінов, аудандық полиция бөлімі басшысының орынбасары:

- Осы жыл басынан бері аудан көлемінде абаттандыру қағидаларын бұзғаны үшін 649 азаматқа хаттама түзілген. Сонымен қатар қоқысты белгіленбеген орынға тастағаны үшін 210 хаттама рәсімделген. Біз үшін бұл сандар мақсат емес, керісінше осы көрсеткіштерді азайтуға жұмыс істеуіміз керек. Яғни азамат заңды бұзып, айыппұл төлегенше, осы құқықбұзушылықтың алдын алған әлде қайда дұрыс. 

Сондықтан тәртіп сақшылары «Заң мен тәртіп» қағидаты мен «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының түпкі мақсаты бір екенін айтады. «Тәртіп бар жерде, тазалық та болады», - дейді.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш

Сондай-ақ оқыңыз: