Батыс Қазақстанда 100-ден астам креативті индустрия нысаны бар

Батыс Қазақстан облысында 100-ден астам креативті индустрия нысаны бар. Оралда былтыр ашылған ÓzgeEpic Oral хабында 200-ге жуық адам білім алды. Сол креатор мамандар қазір жеке туындыларымен облыстан тыс жерлерде танылып үлгерді, деп хабарлайды 24KZ.


Креативті индустрия кең өріс алып келеді

Гүлбақыт Насидың әдеттегі жұмысы сахнаның сырт жағында. Ол облыстық халық шығармашылығы орталығында іс-шараларды ұйымдастырумен айналысады. Бір күні Гүлбақыт өзін жаңа қырынан сынап көруге бел буып, креативті хабқа барған. Сол жерде аудиториямен жұмыс істеуді, көпшілік алдында сөз сөйлеуді үйренді.

Гүлбақыт Наси, облыстық Халық шығармашылығы орталығының маманы:

– Сол жерде тіл маманы келетін болғандықтан және өзіме жақын болғандықтан, Әйгерім Есенәлі жүргізетін подкаст жүргізу курсына қатыстым. Жалпы сенімділік, шешендік өнер туралы айтылатын курс болғандықтан, сол курсқа сұранып қатыстым. Сол жағынан өзімізге үлкен білім алып, тәжірибе жинақтадық.

Ал Абдул Рахметовтің креативті хабқа келгендегі мақсаты - шығармашылық көкжиегін кеңейту. Осы уақытқа дейін өлең жазып келген ол енді проза бағытында қалам тербегісі келеді.

Абдул Рахметов, облыстық Халық шығармашылығы орталығы директорының орынбасары:

– Бізге сабақ берген Ұларбек Нұрғалымұлы деген ұстазымыз бар. Ол – жазушы, ақын. Курс барысында ұстазымыз проза бағытында, әңгіме жанрында қалай жазу керек, оның әдістемесі қандай болуы керек деген бағытта үйретті. Курс оқып жүрген уақытта «Жансыз торғайдың үні» деген әңгіме жаздым. Сол әңгімем оқытушымыздың жоғары бағасына ие болды.

ÓzgeEpic Oral хабы Оралда өткен жылдың көктемінде ашылды. Шығармашылық ізденіске қажетті дүниелердің бәрі осында бір алаңда топтастырылған. Мұнда бейнетүсірілім жасап, дыбыс жазуға болады. Қолөнер немесе анимациямен айналысуға мүмкіндік бар. Ол үшін орталықта кәсіби студия жабдықталған.

Нұрила Аманова, ÓzgeEpic Oral жобасының менеджері:

– 23 креативті бағыт бойынша 200 маманды даярлап шығардық. Оның ішінде жазу курсы, подкаст курстары, режиссерлік бағыт және тағы да көптеген бағыттар бойынша мамандар даярланды. Жалпы қазіргі таңда біздің креативті орталығымызда акустикалық кештер, жастармен басқосулар, кездесулер және еркін форматтағы түрлі кештер ұйымдастырылып, халыққа ұсынылуда.

Қыркүйек айында Астана қаласында Батыс Қазақстан облысының шығармашылық әлеуетін таныстырған «Жайық толқыны» атты ауқымды көрме-жәрмеңке өтті. Онда 40-тан астам шебер өздерінің әшекей, ағаш, теріден жасаған бұйымдарын көпшіліктің назарына ұсынды. Екі күннің ішінде олар 5 млн теңгенің өнімдерін өткізді. «Осындай жобаларға қашанда қолдау жасау керек», – дейді сала мамандары.

Гүлмира Қауланова, БҚО Мәдениет басқармасының бөлім басшысы:

– Былтыр елімізде креативті индустрияны қолдау жөніндегі корпоративтік қор құрылды. Сол қор қазір барлық облыстарда өз жұмысын жүргізіп жатыр. Қазіргі бастапқы жұмысымыз – креаторларды «Қазақкреатив» цифрлық платформасына тіркеу. Цифрлық платформаға енгізсек, алдағы уақытта олар мемлекеттік корпоративтік қордың қолдауын алуға үлкен мүмкіндік алады. Себебі ол жерде гранттар ойнатылады.

Келер жылы өңірде шығармашылық ізденістегі азаматтарға бұдан да кең мүмкіндік ашу көзделіп отыр. Облыста білікті сала мамандарымен кездесулер ұйымдастырылып, көктемде үлкен республикалық форум өткізу жоспарда бар.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Альбина Кумаргалиева, Калыбек Акрап, Эльдар Аюпов

Сондай-ақ оқыңыз: