Ақтау маңындағы «Қаракөл» көліне қоқиқаздар ұшып келді
Ақтауға қоқиқаздың алғашқы легі ұшып келді. Қала маңындағы «Қаракөл» көлінде қызғылт түстес жүзге жуық құсты көруге болады, деп хабарлайды 24KZ.
Қанаттылар жасанды су қоймасына жыл сайын күзде ұшып келеді. Көлдегі шаян, ұсақ балықты жеп, әл жинаған соң, жылы жаққа сапарын жалғастырады.
Талғат Исламұлы, тілші:
- Қаракөл – «Қызыл кітапқа» енгізілген қанаттылар тұрақтайтын мекен. Осы себепті көл аумағы табиғат қорғау инспекторларының жіті назарында. Қызғылт түстес, ұзын аяқты әрі ірі денелі қызғылт қоқиқаздар негізінен Африка құрлығы секілді тропикалық елдерде ұя салады. Маңғыстау өңіріне күз мезгілінде, сондай-ақ наурыз-сәуір айлары ұшып келеді. Шамамен екі апта уақыт аялдап, сапарын қайтып жалғастырады.
Манас Өтесінов, «Үстірт мемлекеттік табиғи қорығы» РММ инспекторы:
– Бізде он шақты күн болып, мына жылы жаққа қарай ұшып кетеді. Бұл – ынығу аймағы. Жаңағы айтқандай бір апта, он күндей болады. Тынығып алып, Қорғалжын жаққа қарай ұшып кетеді. Бұлар әр келген кезінде біздер 10 күндік ауысым кезекшілікпен, вахталық режиммен 24/7 қорғап, күндегісін күнде бақылап, қадағалап жүреміз.
Мамандардың айтуынша, алдағы күндері қоқиқаздардың тағы бір келуі мүмкін. «Олардың саны бес жүзге дейін жетуі де ықтимал», - дейді. Кейбірі қыстау үшін де Қаракөлде қалып қоятын кезі де болады. Қанаттылар қоректеніп, тынығып алған соң, әдетте Иран Ислам Республикасы, Түркіменстанға қарай бағыт алады. Жалпы Маңғыстау аумағы арқылы жыл сайын құстардың 300-ден астам түрі ұшып өтеді. Соның ішінде аққу, қасқалдақ және үйректер де осы жасады көлге уақытша тұрақтайды.
Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев