Жезқазғанда «Мұғалімдер үйі» ашылады
Ұлытау облысында арнайы әдістемелік орталық құрылып, «Мұғалімдер үйі» ашылады. Бұл туралы ұстаздар мерекесіне арналған жиында өңір басшысы айтты, деп хабарлайды 24KZ.
Келесі жылы Жезқазғандағы педагогикалық колледжге жоғары колледж мәртебесі беріледі. Онда логопед мамандарды оқытатын факультет ашылады. Ал мектептерде оқушылардың спорттық, әскери-патриоттық әлеуетін дамытатын орталықтар құрылады. Ұстаздар мерекесінде оқушылары пәндік олимпиадалардан үздік нәтиже көрсеткен мұғалімдердің еңбегі де ұмыт қалмады. Үздік педагогтарға 1 млн, ал үздік білім беру ұйымдарына 6 млн теңгеден сыйақы берілді.
Амангелді Бұқар, Сәтбаев қаласындағы С. Сейфуллин атындағы гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі:
– 10 мұғалім марапатқа ие болса, соның бірі болып мен де көрініп жатырмын. Енді бұл ұзақ жылғы еңбегімнің жемісі деп ойлаймын. Ұлытау жеке облыс болып қалыптасқалы мен осы 4 жылда 5 республикалық олимпиадаға қатысушылар дайындадым. 2 қола, 2 күміс, бір алтын медалға ие болдық. Мұның барлығы ұзақ еңбегіміздің жемісі деп ойлаймын. Осындай шәкірттеріміз көп болсын.