Қазақстан адами капитал индексінде 13 сатыға көтерілді
Қазақстан адами даму деңгейі өте жоғары елдердің қатарына енді.
Біріккен Ұлттар Ұйымы Даму бағдарламасының рейтингінде еліміз 193 мемлекеттің арасынан 60-орынға тұрақтап, Орта Азия мен ТМД елдері арасында көш бастады. Ал Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметіне сенсек, Дүниежүзілік банктің адами капитал индексінде Қазақстан бірден 13 сатыға жоғарылап, 161 елдің ішінде 42-орынға көтерілді. Кейінгі жылдары халықтың тұрмыс сапасын айқындайтын негізгі көрсеткіштер де жақсарған. Мәселен, елдегі орташа өмір сүру ұзақтығы 76 жасқа жетсе, халық саны миллионға артқан. Енді мамандарды технологиялық дәуірдің талабына бейімдеуге ден қойылмақ. Бұл бағытта жасанды интеллектіні игеруге айрықша мән беріліп отыр. Қазірдің өзінде 700 мыңнан астам студент AI-Sana бағдарламасы бойынша білім алуда. Жоғары оқу орындарына жүздеген жасанды интеллект агенті енгізіліп, ғылыми ізденістердің нәтижесі зертхана қабырғасынан асып, нақты тәжірибеде көрініс таба бастады.