Қарағанды облысында 750 гектар жер мемлекетке қайтарылды
Қарағанды облысының Шет ауданында заң талаптарын бұза отырып берілген 750 гектар ауыл шаруашылығы жері мемлекет меншігіне қайтарылды, деп хабарлайды 24KZ Ауыл шаруашылығы министрлігіне сілтеме жасап.
Жер ресурстарын басқару департаменті жүргізген жоспардан тыс тексеру кезінде жер учаскелерінің заңнамада көзделген конкурстық рәсімдерсіз берілгені анықталған.
Осыған байланысты департамент Қарағанды облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына аудандық жер қатынастары бөлімі мен жер пайдаланушы арасында жасалған шарттарды жарамсыз деп тану туралы талап арыз берген.
Сот талапты толық қанағаттандырып, жер учаскелерін мемлекет меншігіне қайтару туралы шешім шығарды.
Ауыл шаруашылығы министрлігі жер заңнамасының сақталуын бақылау және заңсыз берілген жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жұмыстарын жалғастырып жатыр.