Өскеменде 15 келіден астам алтынды заңсыз өндіргендер сотталды
Өскеменде 15 келіден астам алтынды заңсыз өндіргендерге қатысты сот үкімі шықты.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы филиалы директорының бұрынғы орынбасары мен оның сыбайласы 4 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігі хабарлайды. Қос күдікті Ұлан ауданындағы Шыбынды учаскесінде өз бақылауындағы компания арқылы құны 844 миллион теңгеден асатын алтын өндірген. Ал қолдарындағы лицензия тек пайдалы қазбаларды барлауға мүмкіндік берген. Олар құнды металды қазып алуға экскаватор, тиегіш, самосвал және арнайы жуу жабдықтарын пайдаланған. Тергеу барысында заңсыз алтын тәркіленіп, қылмыстық әрекеттің қоршаған ортаға да зияны анықталды. Өндіріс кезінде жер учаскесі бүлініп, мемлекеттік орман қорына кіретін ағаштар мен бұталар жойылған. Экологияға келтірілген залалды өтеу бойынша да тиісті жұмыстар жүргізілген.
Ернар Тайжан, ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі:
- Заңсыз өндірілген алтын көлемі 15 келіден асқан, оның құны 844 млн теңгеден жоғары. Тергеу барысында құны 382 млн теңге болатын 6,7 кг алтын мен 579 г күміс тәркіленді. Қылмыстық әрекет қоршаған ортаға елеулі зиян келтірген. Бүлінген жер аумағы 18,2 гектарды құрады. Экологиялық залалды жоюға қажетті жұмыстардың құны 300 млн теңгеден асты. Сот шешімімен құны 372 млн теңге болатын мүлік тәркіленді.