Астанада жаңа тұрғын үйлерге өрт сөндіру көлігіне жол қарастырылады

фото: depositphotos.com

Астанада тұрғын үй салушылар ғимараттың ауласына өрт сөндіру көліктері кедергісіз кіре алатындай жол қарастыруға міндетті. 200-ден астам пәтері бар үйлерде өрт сөндіру көлігіне арналған екі бөлек кіреберіс жол болуы керек, деп хабарлайды 24KZ.

Бұл талап Астананы жоспарлау және құрылыс салу қағидаларына енгізілген өзгерістерде көрсетілген. Құжат заңды күшіне енді.

400 пәтерге дейінгі үйлерге бір ғана кіреберіс жол жасауға болады. Бірақ ол үшін бірнеше талап орындалуы тиіс. Ғимараттың биіктігі 50 метрден аспауы керек. Егер барлық пәтердің терезелері сырттағы өрт сөндіру көлігі жүретін жолға немесе үйдің екі жағына қараса, ғимараттың биіктігі 75 метрге дейін болуы мүмкін.

Сондай-ақ әр қабаттағы дәлізде түтінді сыртқа шығаратын желдету жүйесі болуы қажет. Эвакуация жолдарындағы есіктердің ашылып-жабылғанын өрт сөндіру бекетіне хабарлайтын датчиктер де орнатылуы тиіс.

Өрт гидранты үйдің төменгі ортақ бөлігіне кіретін жолдан 10 метрден алыс болмауы керек. Ол жердің жабыны тайғақ болмауы және қыста мұз қатпау үшін жылыту жүйесі қарастырылуы қажет.

Өрт сөндіру көлігі жүретін жолдың бұрылысы кемінде 9,8 метр болуы тиіс. Жол тұйық болса және оның ұзындығы 150 метрден аспаса, көліктің кері бұрылуына арналған кемінде 15×15 метр алаң болуы керек.

Ал 400-ден астам пәтері бар үйлерде, қандай жағдай болмасын, өрт сөндіру көлігіне арналған екі бөлек кіреберіс жол міндетті.

Сондай-ақ оқыңыз: