Жамбыл облысында жанармайды заңсыз алып өтпек болған 429 адам ұсталды

Жамбыл облысында жыл басынан бері жанармайды шекара арқылы заңсыз алып өтпек болған 429 адам ұсталды. Олар көліктеріне қосымша бак орнатып, бензинді Қырғызстанға тасымалдамақ болған. Қазір заң бұзушылықтың алдын алу үшін өңірде тексеру шаралары күшейтілді, деп хабарлайды 24KZ.


Елден бензин таситын алыпсатарлар қауіпсіздік талабына қарамастан көлікке осындай қосымша бак орнатады. Жыл басынан бері мұндай жолмен 6 тоннадан астам жанармайды заңсыз алып өтпек болған. Оның себебі – Қазақстандағы арзан сұйық отынды көрші елде еселеп сату.

Белек Елімбекұлы, жүргізуші:

– Айырмасы бар ғой Қырғызстанға қарағанда. 15 сомдай болады, сомменен. Өзімнің бағым кішкентай, өзіме жетпейді. Солярка құямын, рас. Пияз тасимын, картоп, әртүрлі жүк тасимын.

Рейд жұмыстары Айша-Бибі өткізу бекетінің алдында күн сайын жүргізіледі. Себебі бұл бекет арқылы тәулігіне 5 мыңға жуық көлік өтеді. Жыл басынан бері тексеру нәтижесінде заңсыз бензин тасыған 86 көлік анықталды.

Әлішер Тұрсынбай, Жамбыл аудандық патрульдік полиция тобының инспекторы:

– Мамыр айынан бастап күнделікті рейд жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда қосымша бак арқылы бензин тасымалдауға тыйым салынған. Жүк көліктері мен жеңіл көліктердің бактарын тексеріп, қосымша бактың орнатылған-орнатылмағанын анықтаймыз. Қосымша бак орнатылған жағдайда не істейсіздер? Қосымша бак орнатылған болса, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 590-бабының 7-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылады.

Жалпы өңірде жыл басынан бері шекарадан заңсыз бензин алып өтпек болған 429 адам анықталды. Автокөліктердің барлығы айып тұрағына қойылып, 14 млн теңгеден аса айыппұл салынды.

Нұрбол Қуатбеков, облыстық Әкімшілік полиция басқармасының аға инспекторы:

– Көбінесе жеңіл көліктерге, мысалы, Audi, Passat сияқты көліктерге қосымша бак орнатып алады. Сөйтіп, осындай көліктермен келіп, дизель тасып кетіп жатыр.

Әкімшілік жауапкершілікке тартып, айып тұрағына қоямыз. Багын шештіреміз. Содан кейін айыппұлын төлеп, барып көлігін алып шығады. Жамбыл облысында қазір Қырғызстанмен шекаралас алты пост бар. Олар Қордай, Жамбыл және Меркі аудандарында орналасқан. Осы посттарда қазір арнайы күшейтілген режимде жұмыс атқарылуда.

Өткізу бекеттерінің алдындағы тексеру жұмыстарына Көлік комитетінің мамандары да қатысады. Олар жүк көліктерін бақылауға алған. Мамандардың айтуынша, рейдтер заңсыз жанармай тасымалы тоқтағанша жалғасады.

Авторлары: Мерей Бает, Бақытжан Бапаев, Елдар Байділдә

Сондай-ақ оқыңыз: