Шымбұлақта жаңа аспалы жолдар іске қосылады

Шымбұлақта қысқы маусымға дейін жаңадан екі аспалы жол іске қосылады. Бұл Алматы тау кластерін дамыту жобасының алғашқы кезеңі аясында жүзеге асады. 

Жаңа аспалы жолдар курорттың туристер аз баратын оң жақ бөлігіне салынады. Оның бірі төрт адамға арналған орындықтармен жабдықталады. Екіншісі шаңғышылар мен сноубордшыларды жоғары қарай көтереді. Қазір аспалы жолдар тіреуіштерінің бетоны құйылып бітті. Мамандар енді арнайы жабдықтарды орнатып жатыр. Алматы тау кластерін дамытудың негізгі мақсаты – туристік инфрақұрылымды жаңарту. Алдағы уақытта Іле Алатауындағы адам жиі баратын шатқалдарға да аспалы жолдар салынады.

Александр Руденко, «Almaty Tau Management» ЖШС басқарма төрағасының орынбасары

- Жоба тек шатқалдарды аспалы жолдармен байланыстыруды көздемейді. Ең бастысы, тұрғындар мен туристерге қауіпсіз әрі жайлы жағдай жасау. Ол үшін жаяу жүргіншілер бағыттары цифрландырылады. Біз жаяу және шаңғы тебуге келетін туристердің қозғалысына бақылау жасауды көздеп отырмыз. Ол үшін туристер ағыны сараланады. Осылайша, әр шатқалға түсетін жүктемені реттеуге болады.

Сондай-ақ оқыңыз: