Жол қызметтері күшейтілген режимге көшеді

Бүгін Қазақстанның бірқатар өңірінде жаңбыр мен қар жауды. Мамандар жүргізушілерге жылдамдық режимін сақтап, республикалық маңызы бар жолдарда аса мұқият болуды ескертті. Ал Қарағанды облысында қысқы маусымға дайындық басталып кетті. Жауаптылар көктайғаққа қарсы материал қорын, арнайы техникаларды тексеріп жатыр. Кеншілер қаласында қысқа 55 мың тонна құм-тұз қоспасын әзірлеу жоспарланған, деп хабарлайды 24KZ.


Руслан Нұрланұлы, тілші:

– Бүгін Ақмола, Алматы, Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Солтүстік Қазақстан облыстарында, сондай-ақ Жетісу облысында жаңбыр және қар жауды.

Бұл – жүргізушілер үшін қыстың жақындағанын білдіретін алғашқы белгі. Еліміздің республикалық маңызы бар жолдарында көктайғаққа қарсы материалдардың қоры дайындалып жатыр. Қазірдің өзінде 125 мың текше метрден астам құм және 100 мың текше метрге жуық тұз қоймаларда тұр. Техникалар да жаңартылған. Мәселен, соңғы екі жылда елдегі жол қызметтеріне 1800 бірлік арнайы техника берілді. Қарағанды облысында да қысқа дайындық күшейтілді.

Әлібек Аманжолов, «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ облыстық филиалының бөлім басшысы:

– Қарағанды облысы бойынша 1930 шақырым ұзындық республикалық маңызы бар тас жолымыз бар. Оны 11 жол пайдалану бөлімі күтіп ұстайды. Осы 11 жол пайдалану бөлімінде өздерінің жол телімдері бар. Әр жол телімінде жол пайдалану бөлімдерінің қызметкерлері күнделікті мониторинг жасап, айналып өтеді.

Ауа-райы күрт құбылмалы Қарағанды облысы үшін жолдардың қысқа дайындығы ерекше маңызды. Өңірде негізгі көлік дәліздерінің бірі – Алматы-Екатеринбург автожолы өтеді. «Оның қысқы күтіміне ерекше көп күш жұмсалады», – дейді мамандар. Облыс орталығы Қарағандыда да қысқа қажетті материалдардың қоры жиналып жатыр. Шамамен 55 мың тонна құм-тұз қоспасын дайындау жоспарланған.

Саян Шәкенов, Қарағанды қаласы Қазыбек би ауданы әкімдігінің бас маманы:

– Қоспаны дайындамас бұрын құм міндетті түрде өңделеді. Яғни ірі тастар мен бөгде қоспаларды алып тастау үшін електен өткізіледі. Осыдан кейін ғана тұзбен араластырылады. Қыс мезгілінде ең алдымен себу жұмыстары жолайрықтарда, жаяу жүргіншілер өткелдерінде және тротуарларда жүргізіледі.

Синоптиктердің айтуынша, алдағы күндері елімізде ауа райы айтарлықтай өзгереді. Кей жерлерде жаңбыр қарға ұласып, жел күшейеді. Жолдарда тұман, көктайғақ болуы мүмкін.

Аружан Мұратова, «Қазгидромет» РМК баспасөз хатшысы:

- Жалпы қазан айында ауа температурасының айтарлықтай орташа мәні республиканың басым бөлігінде климаттық нормадан 1-2 градус жоғары болады. Шығыс Қазақстан облысында, Павлодар облысының солтүстік-шығыс жартысында және Абай облысында норма шамасында болады деп күтіледі. Жауын-шашын мөлшері республиканың басым бөлігінде климаттық нормаға жуық болады деп болжануда.

Қыс мезгілінде республикалық маңызы бар жолдардағы жұмыс екі ауысыммен ұйымдастырылады. Ауа райы күрт нашарлаған жағдайда қар тазалау және жолды өңдеу үшін арнайы техника жедел түрде жолға шығарылады. Ал қиын жағдайға тап болған жүргізушілерге жәрдемдесу үшін арнайы алынған заманауи құтқару көліктері пилоттық режимде сынақтан өткізіліп жатыр.

Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайлау Игіліков, Аман Хамит

Сондай-ақ оқыңыз: