Қазақстандық сарапшылар Варшавадағы конференцияда ел тәжірибесін таныстырды

Азаптаудың алдын алу, радикализмге қарсы іс-қимыл және әлеуметтік жұмыс туралы жаңа заң. Қазақстанның осы және өзге де бағыттардағы тәжірибесін сарапшылар Варшавада өткен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының конференциясында таныстырды. Форумның екінші күнінде «қауіпсіздікті қамтамасыз ете отырып, адам құқықтарын қалай сақтауға болады», - деген тақырып талқыға түсті, деп хабарлайды 24KZ.

Қазақстан құқық үстемдігін нығайтуда

Варшава конференциясының екінші күні құқық үстемдігіне арналды. Талқылаудың негізгі тақырыптары – азаптау мен зорлық-зомбылықтың алдын алу, өлім жазасын жою және лаңкестікке қарсы күрес кезінде адам құқықтарын сақтау болды. Қазақстандық сарапшылар осы мәселелер бойынша ел тәжірибесін таныстырды. Терроризммен күресте Қазақстан БҰҰ-ның Жаһандық лаңкестікке қарсы стратегиясын негізге алады. Бұл істе адам құқықтарын сақтау жөніндегі ел ұстанымы туралы «Қазақстан азаматтары» қоғамдық бірлестігінің президенті Дмитрий Полтаренко сөз сөйледі.

Дмитрий Полтаренко, «Қазақстан азаматтары» ҚБ президенті:

– Мен Қазақстанда азаматтар арасында, соның ішінде түрлі діни конфессия өкілдері арасында өзара іс-қимыл жүйесінің қалай қалыптасып жатқаны туралы айттым. Қазақстанда діни сенім бостандығы бар екенін атап өткім келеді. Заң талаптары бұзылмаған жағдайда, барлық азаматтардың діни дәстүрлеріне құрмет көрсетіледі. Еліміздің «Заң және тәртіп» қағидаты, менің ойымша, құқық үстемдігі мен адам құқықтарын қамтамасыз етуге бағытталған.

Биылғы сегіз айда экстремизм мен терроризмге қатысты қылмыстық құқық бұзушылықтар саны шамамен 22 пайызға азайды. Қазақстанда лаңкестік әрекет үшін сотталғандарға шартты жаза тағайындалмайды. Рақымшылық пен ескіру мерзімі де қолданылмайды. Мұндай қылмыстардың алдын алу қылмыстық іс қозғалғанға дейін басталуы керек, ал бұл ретте әлеуметтік қызметкерлердің рөлі маңызды. Кәсіби әлеуметтік қызметкерлердің ұлттық альянсы былтыр мемлекеттік органдармен бірлесіп «Әлеуметтік жұмыс туралы» заң жобасын әзірледі.

Динара Есимова, «Кәсіби Әлеуметтік қызметкерлердің Ұлттық альянсы» РҚБ президенті:

– Бүгін мен біздің ұйымның «Әлеуметтік жұмыс туралы» заңды ілгерілету тәжірибесімен бөлістім. Қазақстанда мұндай заң бұрын болған жоқ. Ол үш жыл бұрын қабылданған Әлеуметтік кодексті қайталамайды. Бүгін сарапшылар Нельсон Мандела қағидаларын сақтау маңыздылығы туралы көп айтты. Олардың мақсаты – оңалту және қоғамға қайта бейімдеу. Осы қағидаттарға сәйкес біз түрме мекемелері мен пробация қызметтерінде жұмыс істейтін көпсалалы командаларды оқытамыз.

Үкіметтік емес ұйымның өкілі бала кезден басталатын әлеуметтік қолдаудың бір мысалы ретінде «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасын атады. Оның айтуынша, бұл бастама әлеуметтік әділеттілік қағидаттарына сай келіп, әр азаматтың мүмкіндігін бала кезден арттыруға жол ашады.

Авторлары: Айдана Айтбекқызы, Руслан Өміржан

Сондай-ақ оқыңыз: